Азат Перуашев: «Отандық өндірісті оңалтпақ керек»
Өткен сенбіде «Ақ жол» партиясының төрағасы, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев Қостанайға іссапармен келді.
Ол бұған дейін де бірнеше облыста болып келеді. Мақсат – елбасының «Нарық төңкерісі» атаған соңғы жолдауын талдау, сондай-ақ мемлекет саясатына сүйене отырып, кәсіпкерлік пен бизнесті дамытуға кедергі жасайтын түйткілдермен бетпе-бет келу. Партия көшбасшысы отандық өндірушілерді толғандыратын мәселелермен етене танысуды басшылыққа алған.
Тобыл топырағындағы іссапары барысында да бірқатар өндірістік нысандарды аралады. Әуелі қаладағы №2 нан зауытына кіріп, кәсіпорынның жай-күйімен танысты. Бұл зауыт облыс орталығының 20 пайызын нанмен қамтамасыз етіп отыр. 1-сұрыпты әлеуметтік нанның 40 пайызы осы жерде пісіріледі. Дей тұрғанмен ахуал анау айтқандай мәз емес. Нанның қазіргі бағасы кәсіпорынның қолын ауызына жеткізе алмай келеді. В.Игнатенко А. Перуашевті бар жағдайдан хабардар етті. Партия төрағасы тығырықтан шығарға жөн сілтейтін ұсыныстар айтты. Айтуынша, дағдарыс ысылуға ықпал болуы тиіс. Бастысы, аз десе де, кіріс бар, ал ас атасы қандай жағдайда да сұраныссыз қалмайды. Өндіріс орындарына ат шалдырып жүргендегі мақсат та сол – экономикалық дағдарыс тұсындағы отандық кәсіпорындарға ортақ мәселемен танысып, сол арқылы ұтқыр ұсыныстар даярлау. Мұнан соң партия басшысы «ДЕП» сүт зауытына да соқты. Қостанайдың ең ірі кәсіпорындарының бірінің тыныс-тіршілігімен танысты.
Мұнан соң ол аудандық, облыстық, республикалық БАҚ өкілдерімен баспасөз конференциясын ұйымдастырып, іссапарын қорытындылады. Тілшілердің әлеуметтік, экономикалық, саяси негіздегі сұрақтарына жауап берді. Соңғы жолдаудың мән-маңызына жан-жақты тоқталды. «Бұл жолдау,-деді А.Перуашев,- мемлекеттің нарықтық экономикаға қатысу белсенділігін кемітуге бағытталады. Маңыздысы – халықтың әлеуметтік-экономикалық тұрмысының тұрақтылығын ұстау». Сондай-ақ ол, тілшілер сауалы бойынша, келер жылы кезектен тыс мәжіліс сайлауы өтетіндігімен, фракция құрамын көбейтуді көздейтіндіктерімен құлақдар етіп өтті.
Ж.Жүсіпбек