Александр Сметановский: «Қанымда Торғай халқына тән мінез бар»

Бүгінгі «Қостанай ақшамының» қонағы – Александр Сметановский. Ол топырағы талантқа бай Торғайдың тумасы.  Әкесі – Юрий жарықтық  бала  Александрды өнерге баулып өсірді. Ауыл өнерпаздары мен құйма құлақ қариялардың ортасында өскен Александр ғана емес, жалпы торғайлық өзге  ұлт  өкілдерінің барлығы да қазақ өнеріне жақын болды.IMG_1885Қазір ол Қостанайдағы ішкі істер академиясының ұстазы. Отбасында қыздары Әсел мен Сабинаны да қазақ өнеріне, оның ішінде  күй мен әнге тәрбиелеп келеді. Әсел – полиция капитаны, ғылым жолында да тамаша жетістіктерге жетіп жүр. Ал, кішісі Сабина мектепте оқиды.  Суға жүзуден спорт шеберлігіне үміткер. Республикалық, облыстық жарыстардың бірнеше мәрте  жүлдегері. Александр Юрийұлымен аз-кем әңгімелескенде:
– Біздің Торғайда, жұрттың бәрі  баласын өнерге баулиды. Маған да сондай бақыт бұйырды. Жастайымнан Нұрхан Ахметбеков жырларына қанығып, қариялардың Торғай тарихына қатысты айтқан естеліктерін тыңдап өстім. Соның әсері шығар,  бойымда торғайлықтарға тән мінез, болмыс жатыр, – деп ағынан жарылды.
Расында да, Қостанайда қандай да бір ұлттық мереке аталып өтсе, біз соның бел ортасында Саша ағаның – Александрдың домбыраның құлағында ойнап, қазақ әнін асқақтатып отырғанын көреміз.
– Кім қалай ойласа да өз еркінде. Менің қанымда Торғай халқына тән қайсар мінез басым.  Оны жоққа шығара алмаймын. Шалқыта  ән айтып, домбыраның шанағынан ақтарып күй төксем, туған жердің тәр­биесі бұл, – дейді  Александр ағам. Аз үнсіздіктен кейін:
– Мені Торғайдың қазіргі жағдайы  қатты алаңдатады. Өзің айтпақшы, «Еске түсті Сауран, Жент, жер астында шөгіп жатқан Отырар» немесе, «Қалқатайдың өзі жоқ, жұрты қалған…» деген тәрізді теңеулер әрине, туған жерге – Торғайға айтылғандай көрінеді. Кіндік қаны тамған жерден жырақта жүрген ел азаматтарының бәрі де  дәл мендей толғанады, аңсайды. Бұла көңілі ақ селеулі далаға тартады да тұрады. Кейде өзімнің тегімді жолдастарымның арасында «Сметановский» емес, «Қаймақбаев» деп айтамын. Әрине, әзіл-қалжың ғой бәрі. Бірақ, мұның астарында не жатқандығын сен жақсы білесің,- деді.
Екеуара әңгімеден Александрдің  бойында  қазаққа тән мінездің, болмыстың барын аңғарасың. Оның Торғай десе қоярға жаны бөлек.
Қай ұлт өкілі болмасын, туған жерін біздің Саша ағамыздай сүйсін, өнерін дәл осылай қадірлесін!
 
Нұрболат МЕШІТБАЕВ
Суретте: Александр Сметановский қызы ­Сабинамен бірге.
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.
 

You may also like...

1 Response

  1. Дана айтты:

    Торғайда туған, өскен қазақтардың әдетте, елді, жерді, тілді қадірлеуі ерекше.Сосын осы Торғай топырағы ерекше-онда табиғаты тылсымға толы жерлер, қасиетті орындар көп.Бұл өзі ерекше жер. Тек не себептен басқашалау?Мысалы Маңғыстау да ерекше ғой. Бір ғажабы орыс, украин, өзбек т.б. ұлт өкілдерінің бірауыздан:О, Торғай,ғажап жер дейтіндеріне таң қалам. Жері мен байлығын емес сол жердегі қазақтарды да меңзегендері. Әділ, сөзге түсінетін,даңғойлығы жоқ біршама дос-таныстарым осы топырақтан.Қазағын сыйлайтын осындай кісілер көп болса екен, қазақты сыйласа өзі де жақсы адам болғандықтан.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓