Жеңімпаз жастар анықталды
Қостанайда жастар арасында самбо күресінен республикалық турнир өтті. Жарысқа Астана, Көкшетау, Ақтөбе, Қостанай, Рудный қалалары мен Қостанай облысының барлық аудандарынан спортшылар келді. Жалпы саны 23 салмақ бойынша 150-ден аса палуандар бақ сынады. Турнирдің бас төрешісі Ержан Қабидулинов бұл жолғы бәсекенің ауқымы өскендігін атап өтті. – Соңғы жылдары самбо күресі облыста жақсы қарқын алып келеді. Жақсы бапкерлеріміз де баршылық. Солардың арқасында жас палуандар елімізге танылып келе жатыр. Осы жарысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен командалардың жиылғаны көңіл қуантады. Бұйырса, Ресей Федерациясынан да спортшыларды шақырамыз. Мұны келесі жылдың еншісіне қалдырайық, – деді Ержан Қабидулинов.Үш күнге созылған турнирде қостанайлықтар 16 алтын медальға ие болды. Оларды Евгений Мовчан, Иван Сорокин, Болат Ибрашев, Аркадий Ахметов, Рауф Алиев, Қуат Хамитов және Жасасын Сымбаев сияқты танымал жаттықтырушылар баптап әкелген болатын.«Динамо» спорт клубында жаттығатын Мирас Хамит (73 кг) пен астаналық Дархан Құрбанов (66 кг) техникалық шеберліктерімен көзге түсті. Сонымен қатар, Әбен Айдосов, Диас Жылқайдаров Досбол Балғабай, Әлжан Нұрәділ, Ақжол Қонысбай, Дәулет Жарас Архат Ақмырзиновтар өз салмақтарында чемпион атанды.
Қасқырбай Қойшыманов