Қылмыскер 17 жылға сотталды
Облыстық соттың баспасөз қызметі мәлімдегендей, Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бұрын соңды ұрлық жасағаны үшін істі болған 27 жастағы Марат Төкеновке қатысты сот үкімін шығарды.
Іс материалдары бойынша, ағымдағы жылдың 22 сәуірінде Төкенов механизатор болып жұмысқа орналасу және түсті металл қалдықтарын өткізу үшін Қарасу ауылына жол тартады. Түсті металл үшін 600 теңге алған сотталушы бұл ақшаға ішімдік сатып алып, оны өзінің таныстарымен бөлісіп ішіп алады. Кешкі сағат сегіздер шамасында Қарасу ауылының мәдениет үйіне қарай аяңдаған ол жол бойында жылу құбыры үстінде ұйықтап қалады. Суықтан оянған Төкенов ұрлық жасамақ болып, жалғыз тұратын 79 жастағы зейнеткердің үйіне бет алады. Сыртқы терезе арқылы пәтерге еніп, ұйықтап жатқан қартаң әйелге бас салады. Оның қорғансыз жағдайын пайдаланған қылмыскер жәбірленушіні тепкінің астына алып, ақша талап етеді. Кейін үйден асханалық пышақ тауып алған Төкенов өзі әлсіз жатқан қарияға сегіз жерден пышақ сұғады. Жарақат салдарынан зейнеткер оқиға орнында қаза табады. Ал, қылмыскер жәбірленушінің сырғасын, азық-түлігін, пластикалық картасын, жеке куәлігін алып, тайып тұрады.
Сот Төкеновты қарақшылық, кісі өлтіру, ұрлық, жеке куәлікті ұрлағаны үшін айыпты деп танып, оған 17 жыл қатаң тәртіптегі колонияға бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасын тағайындады. Сонымен қатар ҚР ҚК-нің 384 бабының 2 бөлігі бойынша Төкенов мемлекет пайдасына 50 АЕК, яғни 99 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Қарлығаш ОСПАНОВА