Street workout – жаңа нысан
Қостанайда әлеуметтік нысандар қатары толыға түсуде. Қалалық әкімдіктің бастамасымен қолға алынған жобалар аясында Жағалау демалыс орнында Street workout алаңы ашылды. Ол жаңа құрылғылармен жабдықталған, мұнда келушілерге барлық жағдай жасалған.
Іс-шара кезінде қазақстандық «Bar Bars» (Астана) воркаут-ұйымының өкілдері қызығушылық танытқандарға воркаут жайлы ақпарат беріп, ашық жаттығулар мен спорттық көрсетілімдерді ұйымдастырды. Қазақстанда стрит-воркаут бағытының негізін салған бұл ұжым бүгінде ТМД елдері бойынша көш бастап тұр.
Қостанай қаласы әкімдігінің спорт бөлімі басшысының айтуынша, шаһарда жаңа спорттық нысандардың ашылуы халық арасында, әсіресе, жастар мен жасөспірім арасында саламатты өмір салтын насихаттау мен қалыптастыруға септігін тигізбек. Бүгінде мұндай алаңдар Қайырбеков, Белинский, Алтынсарин көшелерінде бар. Енді міне Гашек көшесінде олардың қатарын тағы бір алаң толықтырды.
Осындай спорт түрін таңдап, бала күнінен осы бағыттағы дене жаттығуымен айналысып, бүгінде еліміздің ең үздік стрит-воркаут ұйымының белді мүшесі атанған 19 жастағы Максим Куликов іс-шараға қатысушы ретінде Астана қаласынан келген. Айтуынша, стрит-воркаутпен нағыз жігіттер айналысады. Өйткені, жігерлі, өзіне деген сенімді адам ғана бұл спорт түрін бағындыра алады.
Қазір воркаут мемлекет тарапынан қолдау алып, аталмыш спорт даму үстінде. Спорт алаңдарының салынуы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Street Workout Федерациясы, Қостанай қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының бастамасымен жүзеге асырылуда.
Street workout – спорттық көше мәдениетін дамытудағы ең танымал бағыттардың бірі, бүгінде Қазақстан ҰОК жобасының арқасында қолжетімді спорт түріне айналды. ҰОК президенті Тимур Құлыбаевтың бастамасы мен жеке қаражаты есебінен 2016 жылдан бері еліміздің әр аймағында 50-ден аса мамандандырылған спорттық алаңқайлар ашылды. Атап айтар болсақ, Астана, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Тараз, Қарағанды, Ақтау, Ақтөбе, Жаңаөзен және Көкшетау қалаларында жаңа алаңқайлар бой көтерді. Жобаның ең басты артықшылығы – алаңқайлардың тек облыс орталықтарында ғана емес, облыстан шалғай жатқан қалаларда да ашылуында.
– Қазақстан ҰОК олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға жауапты. Алайда, бұқаралық спорт бәрінің түп негізінде тұрғанын естен шығармау қажет. Мұндай спорттық алаңқайлардың ашылуы балалар мен жастардың дене шынықтыру мен спортқа ден қоюына себеп болады. Ашық аспан астындағы спорттық зоналар ел тұрғындары үшін тиімді екенін дәлелдеп үлгерді. Біз алаңқайлардың үлкен сұранысқа ие екенін, қаңырап бос қалмайтынын байқадық. Ол жерде үнемі әртүрлі деңгейдегі спорттық жарыстар өтіп тұрады. Қазіргі таңда Қазақстан ҰОК өкілдері ел аймақтарын аралауда. Осы орайда, біз аталған әлеуметтік жоба туралы басты жаңалықтарды біліп отырмыз. Бұл жобаны әрі қарай жалғастыра береміз. Алдағы уақытта шалғайда жатқан ауылдарда да алаңқайлар бой түзейді, – деді ҰОК бас хатшысы Данияр Әбілғазин.
Жағалауда бой көтерген Street workout мамандандырылған алаңқайлары ең пайдалы құрылғылармен жабдықталған. Мұндағы спорт жабдықтары жабдығы бұлшық еттердің барлық топтарын жұмылдырып, жаттығудың тиімділігін арттырады. Аталған алаңқайларды орнату арқылы тұрғындардың спортпен мүлде тегін айналысуына жол ашылды. Аталған алаң қыстағы суық ауа райына да бейімделген. Басты ерекшелігі – ауыр салмақты көтере алатын мықты тіреуіштері. Ал резеңкеден жасалған жабдықтар жаттығу кезінде жарақат алу қаупін сейілтеді.
Street workout федерациясының айтуынша, бүгінде 80 мыңға жуық қазақстандық спорттың осы түрімен шұғылданады.
Суреттер ғаламтордан алынды