Жолдау тақырыбы: «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму»
Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік Сарайында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» тақырыбын қамтыды, деп хабарлайды Қазақпарат.
Жолдауын жариялауды бастаған Елбасы Н. Назарбаев өз басында бүгінгі әлемдік ахуалдың күрделі кезеңмен ұштасып отырғанын атап өтті. Президент алпауыт елдердің өзара санкциялары дүниені тығырыққа тірегенін айтты.
Сонымен қатар, Елбасы мұндай аса жауапты сәтте бірліктің сақталуы аса маңызды екенін, сондай-ақ, барша қоғам ел игілігі үшін аянбай тер төгу қажеттігін атап өтті.
«Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін деген қағиданы ұстанып, еңбек етуге тиіспіз. Сәт сайын құбылған аласапыранға сай амал табуымыз керек. Ең жақсы жоспар уақыт талабына бейімделген жоспар болып саналады. Біз де заманның беталысына қарай, межелерімізді белгілеп, жоспарларымызды жөндеп отырумыз қажет. Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген Отанымыз Қазақстанды Мәңгілік Ел ету», – деді Н. Назарбаев.
Бұдан бөлек, Елбасы Қазақстанның алдағы межесі әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру мақсат екенін атап өтті. «Қазақстан-2050» бағдарламасын екі жыл бұрын жарияланған кезде, бұл межеге жетуге жолымызда қиындықтар кездесетінін, соған дайын болып, тиісті шаралар қабылдау керектігін айтқан болатынбыз. Біз осы мақсатқа жұмылғанда жететін боламыз. Мен бүгін жаңа қатерлер мен тың мүмкіндіктер қатар өрбіген жаңа жаһандық нақты ахуалда дамудың басты бағыттарын айқындайтын Қазақстан халқына арнаған Жолдауымды жариялаймын», – деді Н. Назарбаев.