2015 жылғы өндірістік күнтізбе

53b2731852bf4_xЖұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспауға тиіс екендігі 2007 жылғы 15 мамырдағы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 77-бабында көзделген.  Еңбек шартында, ұжымдық шартта жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы үшін төленетіндей төлем-ақымен ұзақтығы аз жұмыс уақыты көзделуі мүмкін. Сондай-ақ Кодексте қызметкерлердің жекелеген санаттары үшін жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығын белгілеу көзделген:
– он төрт жастан он алты жасқа дейінгі қызметкерлер үшін – аптасына 24 сағаттан аспайтын; он алты жастан он сегіз жасқа дейінгі қызметкерлер үшін – аптасына 36 сағаттан аспайтын (Кодекстің 181-бабы);
– білім беру мекемелерінде оқитын және оқу жылы ішінде оқуды жұмыспен қатар алып жүретін он төрт жастан он алты жасқа дейінгі оқушыларға –күніне 2,5 сағат, он алты жастан он сегіз жасқа дейінгі оқушыларға күніне 3,5 сағат жұмыс уақытының қысқартыл- ған ұзақтығы белгіленеді (Кодекстің 181-бабы);
– ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін қызметкерлер үшін аптасына 36 сағаттан аспайтын (Кодекстің 202-бабы);
– бірінші және екінші топтағы мүгедек қызметкерлерге аптасына 36 сағаттан аспайтын (Кодекстің 224-бабы).
Еңбек шартында, ұжымдық шартта Кодекстің 181, 202, 224-баптарында көрсетілген жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығынан аз жұмыс уақыты көзделуі мүмкін.
Кодекстің 91-бабына сәйкес ұйымдарда қызметкердің нақты жұмыс істеген жұмыс уақытын есепке алу жүзеге асырылуға тиіс.
Кодекстің 82-бабына сәйкес бес күндік жұмыс аптасы кезінде күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) ұзақтығы апталық норма 40 сағат болғанда – 8 сағаттан, апталық норма 36 сағат болғанда – 7 сағат 12 минуттан аспауға тиіс; алты күндік жұмыс аптасы кезінде күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) ұзақтығы апталық норма 40 сағатқа тең болғанда – 7 сағаттан, апталық норма 36 сағат болғанда – 6 сағаттан аспауға тиіс және т.б.
Осыған байланысты жұмыс уақытының ұзақтығы төмендегіні құрайды:
40 сағаттық жұмыс аптасында:
– бес күндік жұмыс аптасы кезінде – 8 сағаттан бес жұмыс күні;
– алты күндік жұмыс аптасы кезінде – 7 сағаттан бес жұмыс күні және ұзақтығы 5 сағат болатын бір жұмыс күні.
36 сағаттық жұмыс аптасында:
– бес күндік жұмыс аптасы кезінде – 7 сағат 12 минут болатын (7,20 сағат) бес жұмыс күні;
– алты күндік жұмыс аптасы кезінде – 6 сағаттан алты жұмыс күні.
"Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 13 желтоқсандағы № 267 Заңына сәйкес Қазақстан Республикасындағы ұлттық және мемлекеттік мерекелер атап өтілетін күндер Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес мереке күндері деп танылады.
Қазақстан Республикасындағы мереке күндері жұмыс істемейтін күндер болып табылады.
Демалыс және мереке күндері сәйкес келген жағдайда мерекеден кейінгі жұмыс күні демалыс күні болып табылады.
Қазақстан Республикасындағы атап өтілетін мереке күндері:
ұлттық мереке:
16-17 желтоқсан –  Тәуелсіздік күні;
мемлекеттік мерекелер:
1-2 қаңтар –  Жаңа жыл;
8 наурыз  – Халықаралық әйелдер күні;
21-23 наурыз – Наурыз мейрамы;
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі;
7 мамыр – Отан қорғаушы күні;
9 мамыр – Жеңіс күні;
6 шілде – Астана күні;
30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні.
1  желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні.
2015 жылғы жұмыс уақытының балансын құру кезінде Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" Заңының нормаларын есепке ала отырып, демалыс күндеріне (сенбі, жексенбі) сәйкес келетін мереке күндері мерекеден кейінгі жұмыс күніне ауыстырылды:
бес күндікте:
8 наурыздан 9 наурызға;
21 наурыздан 24 наурызға;
22 наурыздан 25 наурызға;
9 мамырдан 11 мамырға;
30 тамыздан 31 тамызға.
алты күндікте:
8 наурыздан 9 наурызға;
22 наурыздан 24 наурызға;
30 тамыздан 31 тамызға.
Кодекстің 96-бабына сәйкес бес күндік және алты күндік жұмыс аптасында жексенбі жалпы демалыс күні болып табылады. Бес күндік жұмыс аптасындағы екінші демалыс күні жұмыс берушінің актісінде немесе ауысым   кестесінде белгіленеді. Егер ұжымдық шартта, еңбек шартында өзгеше белгіленбесе, екі демалыс күні қатар беріледі.
Мұсылман күнтізбесі бойынша атап өтілетін Құрбан айттың бірінші күні, 7 қаңтар – православиелік Рождество демалыс күндері болып табылады.
2015 жылы Құрбан айттың бірінші күні 24 қыркүйекке тура келеді.
Өндірістік күнтізбеде ай, тоқсан және 2015 жылдың тұтастай жұмыс күндері (сағаттары) бойынша жұмыс уақытының нормасы келтірілген. Ол 40 сағаттық және 36 сағаттық жұмыс аптасында сегіз, жеті және алты сағаттық жұмыс күнінің негізінде бес күндік және алты күндік жұмыс аптасының күнтізбесі бойынша есептелген.
 
2015 жылы жұмыс уақытының нормасы:
40 сағаттық жұмыс аптасында:
бес күндік – 1960 сағатты (245 күн * 8,00 сағат);
алты күндік – 1979 сағатты (247 күн * 7,00 сағат+ 50 күн * 5,00 сағат);
36 сағаттық жұмыс аптасында:
бес күндік – 1764 сағатты (245 күн * 7,20 сағат);
алты күндік – 1782 сағатты (297 күн * 6,00 сағат) құрайды.
2015 жылға арналған жұмыс күндерінің орташа айлық саны:
бес күндік жұмыс аптасында  – 20,42 күнді;
алты күндік жұмыс аптасында  – 24,75 күнді құрайды.
2015 жылға арналған күнтізбелік күндердің орташа айлық саны (Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мереке күндерін қоспағанда) 29,25-ті құрайды.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓