Ата мен әже немесе Мырзағали мен Майнұр Ғабдуллиндер туралы ақжарма сыр

Газетіміздің ұзақ жылдар бойғы жанашыры және белсенді авторы Мырзағали аға мен оның отбасын біздің облыста білмейтін жан жоқ десе де болады. Мырзакең – ауыл шаруашылық өндірісінің білгір ұйымдастырушысы, Әулиекөл ауданындағы "Қазанбасы" кеңшарын ұзақ жылдар бойы басқарып, өңірдің өркендеуіне ерекше үлес қосқан, еліміз тәуел-сіздік алғаннан кейін кәсіпкерлікпен айналысып, кейінгі іні-қарындастарына үлгі көрсеткен көшелі азамат, ұсынықты кәсіпкер. Қызмет бабында "Қазанбасыда" талай болып, қой бордақылау алаңына, демалыс үйіне қызыға қарап, селодағы өркенді өзгерістерге куә болған күндер әлі ұмытылған жоқ. Майнұр апа қолынан талай дәм татып, өсіп-өнген ұрпағымен танысып, сыйласып кеткен жандардың бірі де өзіміз. Мұсылмандықты берік ұстанып, дінің – діңгегі санаған аға-апамыз да осы кісілер. Қажылық парызын өтеп келіп, төңірегін имандылыққа ұйытып отырған абзал жандар жасай берсін деген тілек айтамыз.
IMG_6090
Әке өсиеті
…Мырзағали Ғабдуллин облысымыздың әлеуметтік-экономикасының дамуына, әсіресе, сүттей ұйыған ауыл халқына көп септігі тиген пейілі кең жан. Әкесі Ғабдолла мен анасы Мәлике тағдыр тепірешін жастайынан тартқан адамдар. Сонау өткен ғасырдың 30 жылдары қазақ елін ашаршылық жайлаған кезеңде бұлар Шығыс Қазақстанның Зырьяновск қаласына барып, жан сақтап күн кешеді. Сол жерде Мырзағали атамыз дүние есігін ашады. Қалт-құлт етіп жұрт қатарлы өмір кешкен Ғабдолла әкей отбасының қамын жеп, таңның атысы мен күннің батысына дейін тырбанумен болады. Сонда да туған жерін, ағайын-туысын жадынан шығармайды. Заман түзеліп, ата-баба мекеніне тезірек жетсем деген уайым да жанын жегідей жеп бітеді. Сөйтіп жүргенде көптен күткен арманы орындалып, елдің етек-жеңі жиылған уақытта бухгалтерлік курсты тәмамдап, "Ел қайдасың?!" деп туған жамағатына жетеді. Келісімен ағасы Баймағанбет Жітіқара ауданының бір ауылына есепшілік қызметке орналастырады. – Бұл уақытта еңбектің шарқайрағында қылыштай қайралған әкем ең алдымен отбасы қамын алға қойды. Қай істе де өзінің білімділігімен, біліктілігімен көзге түсіп пысықтық танытып жүрді. Әлі күнге дейін есімде,- деп бастады әңгімесін Мырзекең ақсақал жолыққаннан кейін әбден етіміз үйреніскен сәтте. – Әкем ылғи да маған ақыл-кеңесін аямайтын. "Балам, әр нәрсенің өз орны бар. Орынсыз бұл дүниеде ештеңе жоқ. Кез келген қиындыққа шыдам керек. Шыдамасаң морт сынасың. Ешқашан да әлсіздік танытпа. Тоңмойын тағдырдың құрығына байланбауды ойлан. "Аяз әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл" деген тәмсілді жадыңнан шығарма", – дейтін. Міне, сол өсиеті мені бұл күнге дейін жетелеумен келді. Ғұмырымда көп жандармен сырлас та сыйлас болдым. Кей тұстары небір тікбақайларды да көрдім. Сол әке өсиетін құйма құлағыма сіңіріп өскендіктен бе, небір тажалдардың тұзағынан аман қалдым, – деді сәл үнсіз қалып. …Әкесі Ғабдолла атай баласының алғаш мектеп табалдырығын аттаған күні 1941 жылы соғыс басталған сәтте-ақ броньмен тылда қалып, келер жылы майданға жөнеледі. – Ешбір уайымдамаңыздар! Менде үлкен сенім бар. Кішкентайларымның көрері болса, аман келермін, – деп отбасын ағасы Баймағанбетке аманаттап қалдырады. Тағдырдың жазуы ма, әлде айтқан тілегінің қабыл болғаны ма, Ғабдолла әкесі қан майданнан есен-сау оралады.
"Ұстазы жақсының ұстамы жақсы"
Елге келісімен тағы да еңбекке араласып, бала-шағасын тәрбиелеп, оқытып ел қатарына қосады. Мырзағали ұлы жоғары оқу бітіріп, агроном мамандығын алысымен "Москалев" совхозына қызметке орналасады. Мұнда ол өз еңбекқорлығымен, ұйымдастырушылығымен басшылардың көзіне түседі. – Өмірде жолым болған адаммын ба, білмедім, әйтеуір маған қиыншылық кездерде қол ұшын берген адамдар көп болды. Отбасылық тәрбие өз алдына, өмірлік тәрбие өз алдына екен, – деп өзінің еңбекке араласқан сәтін еске түсірді Мырзекең ақсақал. – Алғаш қызметке кіріскен уақытта маған жанашырлық танытып, қолдау көрсеткен Жүсіп Нәметов болды. Ол "Москалев" совхозының директоры еді. Сол кісінің тәрбиесін көп көріп өстім. Тіпті, ұстазым десем де артық емес. Қашан да ақыл-кеңесін айтудан аянбайтын. Бір күні маған: "Ал, бала, мен бір айға жуық болмаймын. Менің орнымда қаласың. Талабыңды осылай шыңда", – деді. Жөпелдемеде не дерімді білмей "жақсы" деп келісе кеттім. Бар қызық содан кейін басталды. "Шақшадай басым шарадай болды" деген осы екен-ау деп талай тығырықтан шығумен әуре болдым. Бұл дегенің 5-6 бригадирді басқарғаннан да қиямет екен. Шаршап-шалдығып үйге келіп, "әй, Мырзағали-ау, расында да бастық болу нағыз қиынның-қиыны-ау" деп өз-өзімнен ойланып қоям. Бір айдан кейін Жүсіп ағамыз кеп: "Әй, бала, жарадың. Мен жоқта біраз тірлікті тауысып тастапсың. Тіпті, маған жұмыс та қалдырмапсың ғой",- деді ризашылық көңілмен. Содан кейін бірте-бірте жауапты қызметтерді де атқардық қой. Жүсіп Наметовтен басқа Михаил Григорьевич Карповпен де қызметтес болдым. Оның да тәжірибесінен өттік. Соның нәтижесінде, бір күні Әулиекөл (Семиозер) аудандық патрия комитетінің бірінші хатшысы Лемперт мені шұғыл шақыртып алып: "Сізді бір совхозға басшылыққа ұсынсақ" деп қалмасы бар ма, әп-сәтте айтар сөзім ауызға түспей: "Солай ұйғарсаңыздар…" деп күмілжи түстім. Сонымен олар мені Қазанбасыға директор қылып тағайындайды.
Ата мен әженің ұрпаққа аманаты
…Мырзағали ақсақал 20 жылға таман уақыт Қазанбасы жерінде басшылық қызмет істеп, елді-жерді көркейтуге жан аямай еңбек етті. Ауылын өңірдегі қой шаруашылығындағы алдыңғы қатардағы совхоздардың біріне айналдырды. Түу Эстония жерінен арнайы ағаш алдырып, демалыс үйін салдырып, жұмыскерлерінің жағдайын ойлады. Еліміздің түкпір-түкпірінен қонақ ағылып, ақын-жазушылар, әншілер Қазанбасыға жиі келетін. Құдай қосқан қосағы Майнұр әжей екеуі қонақ күтуден алдына жан салмады. Кез келген өнер адамы ат басын тіреп, Мырзекең ақсақалдың ауылынан ырза болып аттанатын. Өзі де өнерге жақын болып өскендіктен қашан да барлығынан рухани байлықты басты орынға қойды. Тәуелсіздік алған жылдардан кейін ел нарықтық экономикаға көшкен өліара тұста бұл кісі талай өнерлі жандарға демеушілік көрсетті. Міне, осындай ерен еңбегінің арқасында халқының қалаулы ұлы болған Мырзағали атай мен Майнұр әжеміз көпке үлгілі отбасы болды. Ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырып, әкесі Ғабдолланың қалдырған өсиетін бұл күні немерелеріне айтумен келеді. – Балам, Нұрболат, – деп осы жерде Майнұр әжеміз әңгімемізге қосылып, қосағының қасына келді. – Мен де Мырзекең сияқты өмірдің сан қилы соқпағынан өткенмін. Әкем де, атам да "байдың тұқымысыңдар" деген жалған жазамен ғұмыр кешті. Небір құқай-сұқайларды көрді. Бірақ сонда да мойымай өмір сүріп, бізді ешкімнен кем қылмай өсірді. Менің де тағдырым осы кісінің тағдырымен үндес, ұқсас. Сондықтан да болар, Аллаһтың бұйрығымен Мырзекеңе тұрмысқа шығып, түтінімізді түзу шығарып, әке өсиетін аяқ асты қылмай келдік бұл күнге. Міне, балаларым мен немерелеріме де соны айтумен келеміз. Қасиетті Меккеге барып, қажылық парызымызды бірге өтедік. Қосылғанымызға жарты ғасырдан асып, алтын тойымызды тойладық. Бәрі де елдің, халықтың еңбегімізге, адалдығымызға айтқан бізге деген тілеуінің арқасы, – деді Майнұр әжей немересі Жансұлтан мен Нұрсұлтанның маңдайынан сүйіп. …Иә, сексеннің сеңгіріне шыққан Мырзағали Ғабдуллин ақсақалдың ғибратты ғұмыры кім-кімге де үлгі, өнеге. Әсіресе, Ғабдолла әкесінен қалған өсиет-аманаты мына менің де жан-дүниеме қатты әсер етті. Асылы, иманды, ибалы сөздерге зәру ұрпаққа абыз ақсақал мен баталы әжейдің айтары мол екен. Соны тыңдар құлақ, санасы зерек пенде болса, шаңырағымыз осындай абыройға кенеліп, керегесі кеңие түсетіні ақиқат емес пе?!
Нұрболат МЕШІТБАЕВ
Суретті түсірген: Айбек ЖҮЗБАЙ.
СУРЕТТЕ: газетіміздің шынайы жанашырлары Мырзағали мен Майнұр Ғабдуллиндер немересі Жансұлтанмен. Атасы мен әжесі сүйікті немерелері Нұрсұлтан және Жансұлтанмен бірге.

You may also like...

1 Response

  1. Қолқоюсыз айтты:

    Ата , әже, немере,ауыл сөздерін қатыстырып , шағын әңгіме құрап жаз.

     

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓