Елбасы тапсырмаларының орындалуы талқыланды
Кеше ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімовтің төрағалығымен селекторлық режимде ҚР Үкіметінің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде 2015 жылдың 18 қарашасында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды жүзеге асыру бойынша шаралар қаралды. Айтулы жиында министрлік басшылары баяндама жасап, Алматы, Астана қалалары мен облыстар әкімдерінің кеткен кемшіліктерге қатысты жауаптары тыңдалды. Оқырман назарына Үкімет мүшелерінің есебінен үзінді келтірмекпіз.
Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:
Сәулелік принцип бойынша жүзеге асырылатын басты бағыттар «Нұрлы жол-Оңтүстік», «Нұрлы жол-Шығыс», «Нұрлы жол-Батыс» және республикалық маңыздағы басқа да жолдар бойынша бөлінген 178 млрд теңгеден 1 қарашаға 138 млрд теңге (78%) игеріліп, 390 шақырымға жуық автожол салынып, жөндеуден өтті.
ҚР Инвестициялар және даму министрлігі жыл соңына дейін 40 млрд теңгенің игерілуін қамтамасыз етуі тиіс. Астана әуежайын салу жобасы бойынша Самұрық-Қазынаны капиталдандыруға бөлінген 29 млрд теңгенің 12,5 млрд теңгесі игерілді. Алматы-Шу темір жол желісін салу жобасы бойынша бөлінген 8,3 млрд теңгенің 4,1 млрд теңгесі (49%) игерілді. Боржақты-Ерсай темір жол желісін салу жобасы бойынша бөлінген 6,7 млрд теңгенің 5,7 млрд теңгесі (85%) игерілді.
Энергетикалық инфрақұрылым
Энергетикалық инфрақұрылым жобалары құрылысында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаражаттың 70% игерілді. «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» 500 кВ транзитін компанияның жеке қаражаты есебінен 2 кезеңде салу көзделген, құрылыс кестесі бойынша 13,8 млрд теңге (70%) игерілді. «KEGOC» АҚ жыл соңына дейін шамамен 5,8 млрд теңгені игеруді жоспарлап отыр.
ТКШ жаңғырту
ТКШ жаңғырту бағытында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жоспарланған 258,8 шақырым желінің 150 шақырым инженерлік нысаны салынып, жөндеуден өтті. 2015-2016 жылдарға барлығы 258,8 шақырым жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желісін салып, жөндеуден өткізу жоспарланған. 10 айда 150 км салынып, жөндеуден өтті.
Жыл соңына дейін 51,4 км желіні салып, жөндеуден өткізу жоспарланған. Қалған 57,4 шақырым 2016 жылы орындалатын болады. Монополия субъектілерінің орындаған жұмыстарының нақты көлемі 25,6 млрд теңгені немесе 58% құрайды. «ТКШ жаңғырту» бағыты бойынша 96 өңірлік жобаны жүзеге асыруға әкімдіктерге 60 млрд теңге бөлінген. Жергілікті атқарушы органдарға 44,1 млрд теңгесі аударылды. Өз кезегінде жергілікті атқарушы органдар табиғи монополиялар субъектілеріне 43,5 млрд теңге немесе 99% бағыттады.
Қуандық Бишімбаев, «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы:
Ағымдағы жылдың соңына дейін 929 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Қазіргі таңда жалпы алаңы 665 мың шаршы метр немесе 11638 пәтердің құрылысы мен сатып алуға келісімдер жасалды. 2015 жылдың жоспары – 400 мың шаршы метрді немесе 7 мыңнан кем емес пәтерді пайдалануға беру. Жыл соңына дейін 20 млрд теңге игерілетін болады, жалпы игерілген қаржы сомасы шамамен 75 млрд теңгені құрайды. Бұл қаржыға 422 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, осылайша 2015 жылдың жоспары 6%-ға артығымен орындалады. Ал, жалпы тапсырылатын пәтерлер саны – 7 136. Қалған 17,5 млрд теңге 2016 жылдың бірінші тоқсанында игеріледі. Бірінші тоқсанда 244 шаршы метр пайдаланылуға беріледі.
Жалпы, біздің бағыт бойынша тұрғын үйдің бір шаршы метрі 123 мың теңгені құрайды. Осылайша жалға берілетін баспаналар халықтың кең ауқымына қолжетімді болады. Болашақта сатып алу құқығы бар жалға берілетін баспаналардың бір шаршы метрі орташа есеппен 950 теңге. Ағымдағы жылы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ желісі бойынша 507 мың шаршы метр үйдің құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін 929 мың шаршы метр пайдаланылуға беріледі. Құрылыс барысындағы қазақстандық қамту үлесі 80%-дан кем емес. Ұлттық валюта бағамындағы өзгерістер құрылысы мерзіміне еш әсер еткен жоқ. Құрылыс барысында шамамен 21 мың жұмыс орны ашылды.
Дәулет Бақберген, «ҚазАвтоПром» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
Қазақстанның автоөндірушілері салалық одақ құрды
Қазақстан автомобиль өнеркәсібінің құрылғанына биыл 12 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде республикамыздың аумағында жеңіл автомобиль, жүк және автобус теxникасын шығаратын бес өндірістік алаң құрылды. Қазіргі таңда олардың өнімдері отандық тұтынушылардың сенімінен шығып отыр. Бізде автоөндірушілердің мүддесін толық қорғайтын салалық бірлестік жоқ. Бүгін осы кемшіліктердің орнын толтыратын салалық бірлестіктің құрылғаны туралы қуанышты xабарды өздеріңізбен бөлісіп отырмыз. Ірі отандық автоиндустрияның қатысушылары «ҚазАвтоПром» Қазақстан автомобиль саласы кәсіпорындарының одағын» құрды. Осынау ұйымды құруға кәсіпорындар бастама көтерген болатын. Олардың үлесіне отандық автоөнеркәсіп өнімдерін шығарудың 74 пайыздан астам сомасы, қазақстандық жаңа автомобильдер нарығының 50 пайыздан астамы және республиканың автомобиль саласындағы қызметінің 40 пайыздан астамы тиесілі. Одақ құрылтайшылары арасында «Семаз», «Дэу Бас Қазақстан», «Азия Авто», «Бипэк Авто Қазақстан» және саланың басқа да ірі қатысушылар бар.
Аслан Сәрінжіпов ҚР Білім жәні ғылым министрі:
2015 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 11 базалық ЖОО-да 24 инновациялық білім беру бағдарламасы бойынша кадрлар даярлау жұмысы басталып кетті. Салалық магистратура бойынша 1900 орын көлемінде мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылды. Бағдарлама ИИДМБ кәсіпорындарымен және біздің халықаралық академиялық серіктестермен бірігіп әзірленді. Қазіргі таңда 24 заманауи зертхана ашу мен басқа да жұмыстар кесте бойынша уақытында орындалып жатыр.
Әсет Исекешев Инвестициялар және даму министрi:
2014 жылы Қазақстан шетелдiк тiкелей инвестициялар тарту бойынша үздiк отыз елдiң қатарына кiрдi. Алдыңғы жылмен салыстырғанда, өңдеушi өнеркәсiпке шетелдiк тiкелей инвестициялар ағыны 2 есе артты. Биылғы жылдың I жартыжылдығында тiкелей инвестициялар дамушы елдер нарығынан дамыған елдерге кеткен уақытта бұл жағдай Қазақстанға да әсер етпей қоймады. Осылайша, тау-кен секторындағы тiкелей инвестициялар 40%-ға, саудада 38%-ға, геологиялық барлауда 30%-ға төмендесе, өңдеушi өнеркәсiптегi көрсеткiш өткен жылғы деңгейде қалды.Бүгінде инвестициялық климатты жақсарту бойынша ЭЫДҰ-мен жұмыс жүргiзiлiп жатыр. Ұйым инвесторлар алдындағы кедергiлер бойынша 12 ұсыныс әзiрленді.
Жыл бойы бiз бизнес форумдар және роуд-шоулар аясында 2 мыңнан астам шетелдiк инвестормен кездесу өткiздiк. Астанада және өңiрлерде инвесторлармен 500 кездесу ұйымдастырылды. 150-ден астам жоба қазiр жүзеге асырылу сатысында тұр. Индустрияландырудың алғашқы бесжылдығында инфрақұрылым құра алғанымыздың арқасында 5 жылдың iшiнде инвестициялар 8 есе артты және 100-ге жуық жоба жүзеге асырылып жатыр. АЭА iсiн басару бойынша араб, сингапурлық, қытайлық компаниялар тартылғанын атап өткiм келедi.
Кәрім Мәсімов, ҚР Премьер-Министрі:
Біз 1 қаңтардан бастап «бір терезе» арқылы жұмыс істейміз, сіздердің министрлікте (ҚР ИДМ) инвестициялық штаб, әкімдіктер жұмыс істеуде. Бірақ, жалпы алғанда біз барлық бейнені толық көре бермейміз. Мемлекет басшысы өзінің шетелдік елдердегі кездесулері барысында Қазақстанға қажетті қызықты жобаларды жүзеге асыру бойынша келіссөздер өткізеді. Содан кейін, инвестор факт бойынша кімге жүгіну керектігін білмейді. Тиісті сала басшылары апта соңына дейін елге инвестиция тарту бойынша ұсыныс жасауы тиіс. Ал, аймақ басшылары ИИД мемлекеттік бағдарламасының екінші бес жылдығы аясында іске асырылып жатқан индустриалдық жобаларға ревизия жүргізетін болады.