Газет оқырмандарымен мерейлі

Тіршілік атаулы күн шуағынан, жер-судан нәр алып күн кешетіні секілді, соның ішінде сана-сезімі, түйсігі жоғары адамзат баласының ерекшелігі: оқып-білуден рухани азық алады. Көп оқыған адам көп біледі, кез келген ортада өзін жақсы, еркін сезінеді, түрлі-түрлі тақырып төңірегіндегі сөзге араласып, пікірін білдіре алады. Аракідік шәкірттеріме: "Сұрақ қойыңдар. Бәріне жауап беремін", – деуім де сондықтан болар.
Ұлы орыс педагогі К.Д.Ушинскийдің "Мұғалім үнемі оқып жүруі керек, ол оқуын тоқтатқан күні мұғалім болудан қалады" деген сөзін мұғалімдер қауымы жақсы біледі. Сондай-ақ көрнекті педагог-жазушы Спандияр Көбеев те мұғалім газет-журнал оқуға үйірсек болуы қажеттігін қадап айт-қан.
Шынында да, жан сарайын жаңғыртуға құлықсыз, жаңалық атаулыдан мақұрым маманның алысқа шаппасы анық. Сондықтан газетке алдымен мұғалімдер жаппай жазылуы тиіс деп санаймын және әріптестерімді туған өңіріміздің төл газеті – "Қостанай таңын" үзбей оқуға шақырамын.
Газет мемлекеттің идеологиялық құралы ғана емес, ол – жан азығы, рухани демеу, ақыл-кеңес берер дос. Өз басым тұшымды мақала оқығанда, жаным жадырап, жаңа білім қосқаныма қуанамын. "Қостанай таңынан" елдік мәселені қозғайтын, сондай-ақ танымал тұлғалар туралы материалдарды қызыға оқимын. Айталық, ғалым Қойшығара Салғараұлымен жүргізілген сұхбатты қиып алып, сақтап қойдым.
"Қостанай таңында" Бейімбет Майлин, Мұхамеджан Сералиндердің нағыз ізбасарлары дерлік, өз ісіне адал, тәжірибелі журналистер жұмыс істейді. Биыл олар қала, аудандарды аралап, біраз еңбек сіңірді. Осындай ауқымды, маңызды шаруа әкім – қараларға, қарапайым оқырман қауымға, жұртшылыққа қозғау салып, газет таралымы артып жатса, нұр үстіне нұр. Осы орайда "Қостанай таңына" жазылу қазақстандық патриотизмнің де айқын бір белгісі екенін айтып өтсем деймін, Әрине, болғаны жақсы, қалалық "Рудненский рабочийдің" таралымы 8500 екен, ал облыстық мемлекеттік тілдегі төл газетіміздің таралымы одан екі есе асып түссе, кәнеки, ардақты ағайын!
Пиалаш Сүйінкина,
Ы.Алтынсарин атындағы РӘГК оқытушысы, ҚР білім озаты.
1 Response