«Қазақ медицинасы»
Осындай атпен Алматыдағы «Мерей» баспасынан білікті дәрігер Мақсат Әбдіқадырұлының кітабы жарық көрді. Ол 2011 жылы Алматы қаласында «Мақсат – Шығыс клиникасы» медициналық орталығын ашып, бас дәрігері болып жемісті еңбек етіп келеді.
Автор Қытайдың Алтай аймағында дүниеге келген. Жоғары білімді маманның қаламынан бұған дейін «Қазақтың шипалы дәрілері мен емдеу әдістері» (2006 ж.) атты ғылыми еңбек жарық көрді.
«Қазақ медицинасы» кітабы «Ғылыми мақалалар», «Ақыл-кеңестер» және «Сыр-сұхбаттар» деп аталатын үш бөлімнен тұрады. Әрқайсысының көтерген жүгі ауқымды. Дәрігердің қазақ медицинасы саласында еңбек еткен 22 жылда жинақтаған бай тәжірибесіне сүйеніп жазған ғылыми мақалалары мен сирек кездесетін шипалы рецептері, сондай-ақ көкейкесті сұхбаттары кім-кімді де бей-жай қалдырмасы анық.
«Құрметті зиялы қауым, патша көңілді оқырмандар, өзімнің төл тәжірибелерімді және ғұлама ұстаздардан үйренген, бойға сіңірген құнды білім мен дәрігерлік шеберліктің терең сырларын іс жүзінде қолдану арқылы қорытындыланған ақыл-ойымның асыл қазынасын өздеріңізбен бөлісіп отырмын»,– деп автордың өзі ағынан жарылғандай, аталмыш кітаптың әркімнің өз денсаулығын күтіп жүруіне, қандай да бір сырқаттың алдын алуға, ауру асқынған жағдайда шипалы ем қабылдауына зор мүмкіндіктер туғызарына кәміл сенімдіміз.
Кітап медицина саласының мамандары мен шәкірттерге және көпшілік қауымға арналған.
Сәлім Меңдібай