“Сиқырлы театр” жүлделі оралды

Таяуда Қостанай облысы әкімдігінің білім басқармасы балаларға қосымша білім беретін өңірлік оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен көркемөнер балалар драма және қуыршақ театрлары арасында балалар шығармашылығының   “Армандастар” облыстық фестивалі өткен болатын. Дәл, осы байқауда Б.Хамзин атындағы өнер мектебінің кітапханасы оқырмандарынан құралған “Сиқырлы театр” драмалық ұжымы Ш.Пероның “Золушка” ертегісі желісімен “Күлше қыз” ертегісін сахналап, 17 ұжым арасынан жүлделі ІІІ орынды жеңіп алды.ертегишлер
Торғай елі өмірлері өнермен өрілген әнші-күйші, жыршы-термеші, сегіз қырлы бір сырлы жандармен танымал. Аудан мерейін асқақтатқан өнер тарландарының майталман аға буын өкілдерінің дәстүрлі жолын қазір жас толқын лайықты жалғастыруда.
Торғай өңірінен түлеген тұңғыш кәсіби музыкант, композитор Болат Хамзин атындағы өнер мектебінде тәлім-тәрбие алған, осы ордадан үлкен өнер өлкесіне қанат қаққан шәкірттер жетерлік.
Жылма-жыл жаңа оқу басталысымен шәкірттерін қайта толықтырып, сайдың тасындай етіп жаңа белестерге дайындауға бұл мектептің еңбегі ұшан-теңіз.
Ал енді, жүлделі оралған театр ұжымындағы өнерлі өрендерді атап айтсақ, Жансая Мұратқызы – күлше қыз, Парасат Дарханұлы – ханзада, Томирис Қаныбекқызы –сиқыршы, Жансая Аянқызы – өгей шеше, Эзита Мұхамедиярова, Арайлым Мүшелбайқызы – өгей шеше қыздарын асқан шеберлікпен сомдады.
Байқау соңынан өнерлі оқушыларымыз І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрына экскурсия жасады. Театр әлемінің айнасынан шын актёрлардың бейнесін көрген олардың арман-мақсаттары биік шыңдарға самғап, бір сәттік қиял, шынайы сезімге жетеледі.
 
                                                                              Гүлім ЫСМАҒҰЛ,
Жангелдин ауданы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓