Теңге тұғырынан таймайды!
Бүгін «Ақ Жол» демократиялық партиясының Қостанай облысындағы филиалы кеңсесінде «ҚР резиденттері арасындағы валюталық операциялар мен валютадағы келісімдер» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Жиынға жеке кәсіпкерлер, ҚР Ұлттық банкінің ҚОФ-нің, «Нұр Отан» партиясының ҚОФ-ның, облыстық әкімдіктің ішкі саясат басқармасының, кәсіподақ және БАҚ өкілдері қатысты.
Бұл басқосудың ұйымдастырылуына жергілікті кәсіпкерлердің, өзге де азаматтардың тарапынан түскен шағымдар себепші болған. Шағымдардың барлығында айтылған уәж бүкіл қаржылық операциялардың доллармен жүргізіліп жатқандығын меңзейді. Осыған орай, «Ақ Жол» ДП ҚОФ өкілдері арнайы рейд жүргізген. Нәтижесін дөңгелек үстел аясында қатысулырадың назарына ұсынды. Көшелердегі жылжымалы және жылжымайтын мүліктер жарнамалары бейнетаспаға түсірілген. Мәселен, пәтерлер немесе автокөліктер құны АҚШ долларымен көрсетілген. Тіпті жарнамалық басылымдарды да осы үрдіс меңдеген. Бұл – алғашқы болып баяндама жасаған «Ақ Жол» ДП ҚОФ заңгері Руслан Кучановтың сөзіне өзек болды. Заңгердің айтуынша, елде сауда-саттықтың түбегейлі өзге валютамен жүргізіле бастауы валюталық реттеу ережелерінің бұзылуымен тең. Бұл пікір ортақ талқыға түскенде қаққа бөлінді. Бірі егер есеп айырылысу барысы ұлттық валютамен жүргізіліп, кассаға теңге түрінде түссе, мүлік құнын доллар бағамымен жарнамалауға болатынын айтты. Енді бір тарап осы тұрғыға келген кездегі заңның елде жоқ екенін, бар болса да солқылдақ екенін, бұл мәселенің үкіметтік деңгейде ғана шешілуі керектігін сөз етті. Осы мәселеге байланысты көршілес Ресейдегі тәжірибені тілге тиек қылып, бізде бұл тұрғыда мемлекеттік деңгейдегі шикілік бар екенін, «форс-мажорлық» жағдаймен бетпе-бет келгенімізді айтып, «шарқ ұрды». «Нұротандықтар» болса, қаржылық операциялардың оңқайлығын бақылауда ұстау үшін қоғамдық мониторингтер өткізіп тұру керектігін ұсыныс етті. Арнайы комиссия жасақталып жатса, атсалысатындықтарын айтты. Сұхбаттастарының қолдауын тапты. Өйткені, өзекті мәселені өңір-өңір болып реттеуге барлық тарап жұмылуы керек.
Ақ-қараны айырып берер деген сеніммен шақыртылған Ұлттық банкінің ҚОФ өкілдері жат валютамен жасалатын операцияларды тікелей бақылауда ұстап отыру міндеттеріне кірмейтінін айтады. Олардың жіті бақылауында, әрі кеткенде, 2-деңгейлі банктер және валюта айырбастау нүктелері. Бірақ құжатты, деректі түрде болса, қаузалып отырған түйткілдің кейбір салалары бойынша жүгінуге болатынын жеткізді. Жалпы, басты нысанадағы дүние – ұлттық валюта абыройын көтеру. Оның оңай шаруа емес екенін айтты экономистер. Теңгеге деген патриоттықты қалыптастыру құр сөзден гөрі жоспарлы қадамдар арқылы жүзеге асуы тиіс. Ұлттық банк өкілдері өз сөздерінде осынау мемлекеттік маңызы бар мақсат үшін құрығы ұзын көп шаралардың жасалып жатқанын айтып өтті.
Жандос Жүсіпбек