Білім, маман және сапа. Ол қандай болуы керек?
Әрбір мемлекеттің келешегі ең алдымен мектебінде шыңдалады. Ертең осы кең-байтақ елімізге ие болып, тізгінін ұстар-мектеп оқушысының білім сапасы бәрімізді де толғандырады. Сондықтан да біз өңіріміздегі мектептеріміз бен техникалық және кәсіби білім беру мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында білім беру қызметінің сапасын арттыру, жүйелі проблемаларды айқындау, оны шешудің тиімді жолдары секілді мәселелер төңірегінде Қостанай облысының білім саласындағы бақылау департаментінің директоры Бәтима Даумовамен әңгімелескен едік.
– Халқымызда білімге деген құштарлық қашанда бол-ған. Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев сынды алаш ұлдарының білім саласындағы еңбектері көп нәрсені аңғартады емес пе. Ал, енді Тәуелсіз Қазақстанның білімге деген ерекше мүддесі түсінікті. Бүгінде отандық білім беру жүйесінің басты міндеті – адами капиталды дамыту арқылы Қазақстанның әлемдегі бәсекелестігін арттыру. Осы орайда, сапалы білім беру күнделікті қолданылатын ұғым ғана емес, күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі. ҚР Үкіметінің білім беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесін құру да осы міндеттен шығып отыр. Ал, мемлекеттік бақылау жүргізу сол жүйенің бір бөлшегі. Толық емес үш жыл аралығында департамент тарапынан облысымыздағы 36 мектепке дейінгі, 210 жалпы орта, 19 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында мемлекеттік аттестаттау өткізілсе, лицензиялау кезінде қойылатын талаптардың орындалуы 41 білім ұйымында, жоспардан тыс тексерістер 59 білім мекемелерінде өтті. Осы күнге дейін мемлекеттік бақылаумен облыстың 40,3 пайыз білім ұйымдары қамтылды. Мемлекеттік бақылау барысында білім ұйымының оң тәжірибесін анықтап, жетілдіретін жұмыс аясын белгілейді. Бақылаумен қатар әр білім ұйымы білім беру қызметінің сапасын арттыру бойынша нақты ұсыныстар да алады. Бақылау департаменті 2013, 2014 жылдары облыстың мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру, техникалық және кәсіптік білім ұйымдарына, шағын кешенді мектептерінің жағдайына, олардың педагогикалық кадрларына мониторинг жасап, қорытындысын жергілікті өкілетті және атқарушы органдарға жолдады. Бүгінде облыстың білім кеңістігіндегі ең күрделі проблема – педагогикалық кадрлардың тапшылығы, білім ұйымдарының материалдық-техникалық жабдықталуы. Бұл факторлар – мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын орындаудағы ең басты құрауыш. Білім сапасына бірқатар факторлар да әсер етеді. Талдау көрсеткеніндей, Қостанай облысында 77,7% (428) мектептерінде біріккен сыныптар ұйымдастырылған, олардың үлесі Арқалық қаласында (36,4 %), Қамысты (37,5%), Меңдіқара (29,6%), Әулиекөл (27,8%), Жітіқара (26,6 %), Қостанай (25,7%) аудандарында. Аталған мектептерде әр төртінші сынып біріккен сынып болса, оларда 6, 5 мыңнан астам немесе облыстың әр он бесінші оқушысы білім алады. Бүгінгі күндері департаменттің ұсыныстары негізінде ҚР білім саласындағы нормативті-құқықтық құжаттарға өзгерістер енгізілді, мысалы, білім ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау ережелерінде білім алушылардың білім деңгейлеріне қойлатын көрсеткіштер білім ұйымдарының пайдасына өзгертілді, білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларына өзгерістер енгізілді.
– Департамент өңірдегі білім беру ұйымдарында білім беру қызметінің сапасы жөнінде жүйелі мәселелерді, кемшіліктер мен жетістіктерді анықтайтыны сөзсіз. Бұл тараптарда қандай жұмыстар жүргізілді?
– Мемлекеттік бақылаудың түпкі мақсаты – бақылаудан гөрі дамуды көздейді. 2012 жылдың басында департамент облыстың барлық 582 жалпы орта білім беретін мектептеріне, 48 техникалық және кәсіптік білім ұйымдарына мониторинг өткізіп, кадрлар, техникалық қамтылу, білім ұйымдарын лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптардың орындалуы, құқықтық құжаттар бойынша проб-лемаларды көтерген еді. Бүгінде арнайы педагогикалық білімі жоқ мектеп мұғалімдерінің шамамен 50 пайызы сырт-тай оқу формасында педагогикалық білім алуда, сол жылы Жітіқара, Меңдіқара, Науырзым аудандары мен Арқалық қаласының мектептері құқықтық құжаттарын талаптарға сәйкестендірді. Ең бастысы, білім сапасына деген жауапкершілік артты. Мемлекеттік аттестаттау барысында бас-тауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру бағдарламалары бойынша оқушылардың білімдері бағаланса, ол ҰБТ, оқу жетістіктерін сырттай бағалау нәтижелеріне де оңды әсерін тигізеді. Мысалы, 2014 жылғы ҰБТ қорытындысы бойынша орташа балл 4,5 бірлікке, білім сапасы 8,4 пайыз-ға, үздік баға алған оқушылардың үлесі 2,6 пайызға өссе, жоғары оқу орнына түсуге шекті деңгейден төмен балл алған түлектердің саны 10,6 пайызға кеміді. Биылғы оқу жылының сәуір айында 9 сынып оқушылары арасында өткен оқу жетістіктерін сырттай бағалау процедурасына 45 мектеп ілікті, соның 17 (37,8%) соңғы екі оқу жылында мемлекеттік аттестаттаудан өткен мектептер болса, нәтижесінде оқушылар 43,6 орташа балл алды. Ол өткен жылғы нәтижеден 3,4 бірлікке жоғары. Мемлекеттік аттестаттау бойынша анықталған бұзушылықтарды жоюды зерделеу барысында 4,9,11 сынып оқушыларының оңды бағалары үлесінің ең төмен межесі 70,7 пайыз болса, жоғары межесі 100 пайызға жетті. Мемлекеттік бақылау нәтижелері бойынша өткен жоспардан тыс тексерістер білім ұйымдарының материалдық-техникалық базасы нығайтылғанын көрсетті, 2013 жылы аттестатталмаған 77 білім ұйымының материалдық техникалық қамтылуы 19 млн. теңгеге нығайтылды. Таран ауданының үш мектебінде жұмыс оқу жоспарының вариативті бөлігі ұйымдастырылды. Федоров ауданында 3 мектептің материалдық-техникалық базасы 5 миллион теңгеге толықты, соның ішінде 1 мектеп химия кабинетімен жабдықталса, пәндер бойынша оқу бағдарламаны толық орындау үшін электронды оқулықтар алынды, педагогтардың біліктіліктерін арттыруда әдістемелік жұмыс жандандырылды. Алтынсарин, Денисов, Жанкелдин, Қарабалық, Науырзым, Сарыкөл аудандарында материалдық базаны толықтыруға бюджеттік және тартылған қаражаттар қарастырылмаған.
– Яғни, білім беру саласындағы лицензиялау, аттестаттау өзінің оң нәтижелерін көрсетіп қана қоймай, өзекті мәселелерді де көрсетіп отыр екен.
– Оныңыз рас. Соңғы үш жыл аралығында контингент құрамы мемлекет кепілдеген нормативке сәйкес келмейтін 17 жалпы орта мектеп негізгі мектептерге, 25 негізгі орта мектеп бастауыш мектептерге қайта ұйымдастырылды. 23 бастауыш, 5 негізгі мектеп жабылды. Сөйтіп, жергілікті атқарушы органдар тарапынан жалпы орта білім беру ұйымдарын ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 21 желтоқсандағы N1256 қаулысымен бекітілген білім беру ұйымдары желісінің кепілдік берілген мемлекеттік нормативтеріне сәйкестендірілді. Қазіргі таңда білім алушылардың контингенті бойынша Федоров ауданының барлық жалпы білім беретін ұйымдары аталған Үкімет қаулысының талаптарына сәйкес келеді. Әулиекөл ауданында тек бір мектепте оқушы саны мемлекет кепілдеген нормативке сәйкес келмейді. Облыстың білім ұйымдарын лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптарға сәйкестендіру бойынша жұмыстар үнемі назарға алынды. Нәтижесінде лицензиялау талаптарына сәйкес келмейтін 2 жеке меншіктегі мектеп, 3 техникалық және кәсіптік білім ұйымдары білім беру лицензиясын өз еркімен қайтарды. Жергілікті атқарушы органдары тарапынан білім беруді лицензиялау шарттарына сәйкестендіру бойынша жұмыстар оң нәтиже беруде. Арқалық қаласындағы жалпы орта білім беретін мектеп оқушыларын еңбекке баулитын және кәсіптік бағдар беретін мектепаралық оқу-өндірістік комбинатының лицензиясы қайтарылды. Ағымдағы оқу жылында облыстың үш мектебінде мемлекеттік аттестаттаудан кейін ағылшын мен қазақ тілі оқы-тыла бастады. Білім беру қызметін жетілдіруде жетістіктер техникалық және кәсіптік білім ұйымдарында байқалады. Мемлекеттік аттестаттау қорытындысы бойынша 2013 жылы 4 білім ұйымының материалдық-техникалық базасы 7 млн. 335 мың теңге бюджет қаражатына толықты. 2013-2014 оқу жылына қазақ тілінде білім беретін топтарға студенттерді қабылдау 2,9 % артты, сырттай оқу формасына қабылданған контингенттің үлесі 10% қысқарды. Техникалық (технологиялық), көлік, педагогикалық және гуманитарлық мамандықтар бойынша қабылдау ұлғайып отыр. Бақылау департаменті 2012 жылдан бастап жаңа мамандықтарды даярлау үшін техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының лицензияларына қосымшалар мысалы, "мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру" – 2 колледжге, "тас қалаушы"- 2 колледжге, "ауыл шаруашылығын механикаландыру" – 1 колледжге, "токарлық іс және металл өңдеу" – 1 колледжге, "сүт өнімдерінің өндірісі" – 1 колледжге дегендей нарық сұранысына ескеріліп берілуде. Жалпы, 2012 жылдан бастап берілген лицензияларға қосымшалардың 62,5 пайызы нарық сұранысына байланысты берілді. Дегенмен, талдаулар көрсеткеніндей, білім сапасын арттыру мақсатында шешімін табатын мәселелер де жет-кілікті. Білім ұйымдарын басқаруды жетілдіру, әдістемелік жұмысты жаңарту, жалпы орта білім ұйымдарында пән-дерді оқыту үшін материалдық жабдықтауды жақсарту, оқу-тәрбие үдерісін реттейтін нормативті-құқықтық құжаттарды орындау бойынша проблемалар бар. Ағымдағы оқу жылында аттестатталмаған білім ұйымдарының әр төртіншісі химия, биология, физика, технология пәндері-нен мемлекеттік стандарт талаптарын орындау үшін жағдай жасалмаған. Әсіресе негізгі және ауылдық мектептер кабинеттер мен зертханалық жабдықтарға тапшы. Нарықтың сұранысы ескерілмей техникалық және кәсіптік білім ұйымдарында бір мамандық бойынша бірнеше білім ұйымы есепші-экономист, техник-бағдарламашы, заңгер, қаржы-экономист, менеджерлер мамандарын дайындайды. Аталған мамандықтардың қажеттілігі колледждер үшін аз шығындар мен оқытудың ақылы негізі болса, ата-аналардың облыстағы еңбек нарығының сұранысынан хабарсыз болуынан туындап отыр. Сонымен қатар, мамандықтарды даярлауда колледждер нарықтың, жұмыс берушінің сұранысына қарамай педагогикалық ұжымның, білім ұйымының материалдық-техникалық базасының мүмкіндіктеріне ғана бейімделген. Сөйтіп, жалпы орта білім беру ұйымдарының оқушыларына кәсіби бағыт беру, ал техникалық және кәсіптік білім ұйымдарында мамандарды дайындау проблемасы өз өзектілігін жоғалтқан жоқ. Осылайша, мемлекеттік бақылау нәтижесі бойынша анықталған мәселелер әлі де толық шешімін таппай отыр. Бақылаудың қорытындыларын құнды ақпарат деп түсінген жағдайда ғана білім ұйымын басқаруда жаңа көзқарас туындайды.
– Қазір нарық заманы, Сіздің ойыңызша, педагогтардың біліктілігін, материалдық-техникалық жабдықталуын, педагог кадрлармен қамтамасыз етілуін ұйымдастыратын білім беру ұйымының басшысы кім?
– Тәжірибе көрсеткеніндей, селолық жердегі білім беру ұйымдарының басшылары негізінде білім ұйымының күнделікті жұмыс істеуін, санитарлық талаптардың орындалуын, оқушылардың тамақтануын, тасымалдауын қамтамасыз етеді. Педагогикалық ұжымдар елді-мекендердің барлық қоғамдық -саяси жұмыстарына атсалысады. Дегенмен, білім ұйымы басшысының лауазымдық міндеттері ҚР Білім және ғылым министрі 2009 жылдың 13 шілдесінде №338 бұйрығымен бекітілген "Педагогикалық қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалар лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларында" (2013 ж. 21.12. №512 бұйрықпен өзгерістер енгізілген) тізілген. Директор білім ұйымын білім саласындағы нормативтік құқықтық құжаттардың негізінде басқарады. Білім ұйымының директорларымен кездесу барысында өкінішке орай, іскерлік, дәлелді, маңызды ой қорыта алатын директорлар аз екендігін байқадым. Әсіресе мектеп директорының педагог болуы ҚР-да білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының стратегияларын орындау үшін қажетті талап.иректор үшін бастысы – педагогтық бастау
– Қарап отырсаңыз, педагогтың атқаратын функциясы жан-жақты. Қойылатын талап та, жауапкершілік те жоғары. Қалай ойлайсыз, осындай талаптарды жүзеге асыратын, педагог қоғамымызда мәртебелі ме?
– Қоғамда педагогтың мәртебесін көтеруде мемлекет тарапынан біраз қадамдар жасалды. Біріншіден, Елбасының тапсырмасына сәйкес 2012 жылдан бастап мұғалімдердің біліктілігін арттыру жүйесі түбегейлі өзгерді. Аталған өзгерістерді Назарбаев Зияткерлік мектептері мен "Өрлеу" ұлттық біліктілікті арттыру орталығы әлемдік тәжірибе негізінде жүзеге асыруда. Әлемдік деңгейдегі әдістемелер жаңа формациядағы мұғалімдерді қалыптастырудың ортасы, жаңартудағы қозғаушы күшке айналады. Біліктілік санаттарына сәйкес мұғалімдерге 30 пайыздан 100 пайызға дейін қосымша ақы, ауылдық жерлерде қосымша 25 пайыз ақы төленеді. Ең бастысы, үздік практиканы меңгерген бұл мұғалімдер орта мектеп жүйесіне жаңаша леп әкеледі. Білім беру қызметінің сапасын жаңа деңгейге жеткізуге ықпал етеді. Мемлекет тарпынан педагогтардың мәртебесін көтерудің бір жолы – жыл сайынғы педагогикалық кадрларды дайындау үшін мемлекеттік тапсырыстар. Мысалы, 2013 жылғы мемлекеттік тапсырыстың 22,6 пайызы педагогикалық мамандықтарға бөлінген және педагогтарды дайындау, сырттай және қысқартылған сырттай оқу формасында да жүзеге асырылады. Облыста педагогтарды дайындайтын 4 жоғары, 5 техникалық және кәсіптік оқу орындары бар. Жыл сайын ҚМПИ 400 мемлекеттік грант, Арқалық мем. пед. институтына 250 мемлекеттік грант педагогикалық мамандықтарға берілсе, облыстағы педагогтарды дайындайтын Торғай гуманитарлық колледжіне 75 орын, Қостанай педагогикалық, Ы.Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледждеріне 200 орыннан мемлекеттік тапсырыс бөлінеді. Биылғы ҰБТ нәтижелерін талдай келе, жоғары оқу орындарында білім алу құқығын иеленген 2183 түлектің әр үшіншісі бір ғана педагогикалық мамандықтарға мемлекеттік грант алу,яғни еңбекпен қамтылуына мүмкіндігі бар. Десе де, педагог кадрлардың жетіспеушілігі өткір болып тұр. Педагогикалық кадрлардың мониторингі көрсеткеніндей, облыс мектептерінде аспазшы, құрылысшы, мал дәрігерлері, экономист мамандары педагогикалық қызмет атқарады, олардың арасында жас мамандар да жеткілікті. Демек, оқушыларды облыстың еңбек нарығында сұранысы жоғары педагогикалық мамандарға бейімдеу педагогикалық кадрлар мәселесін едәуір шешер еді. Педагогтың мәртебесін көтерудің тағы бір жолы – әр педагог өзіне тиісті лауазымдық міндеттерді жоғарыда аталған біліктілік сипаттамаларға сәйкес сапалы орындау деп ойлаймын. – Әңгімеңізге рахмет.
Гүлназым САҒИТОВА