Аймағанбет молда туралы не білеміз?

Жас кезімізде "Қостанайда Аймағанбет деген керемет молда бар" дегенді естуші едік. Бірақ бұл сөзге кім мән берген. Молда дегенің көзге шыққан сүйелдей болып көрінетін басқа заман еді ғой ол. Құдайдан қорықпайтын заман болды ол. Жасыратын не бар, сол заманда сәл-пәл лауазымды қызмет атқаратын адамдардың бәрі коммунист болды. Коммунист болмасаң, дұрыс қызмет бермейтін. "Дін –апиын" деп сананы улап тастаған заманда бата беруге, бата бергенде алақанын жаюға қорыққан адамдарды да көрдік. Сондай заманда Аймағанбет молданың аты, атағы қалай шығып жүр?
IMG_3659
Мен бұл кісі туралы жазамын деп тіпті де ойлаған жоқпын. Биыл кездейсоқ бір кісілердің аузынан "кеңестік заманда Аймағанбет деген керемет молда болыпты, өзі қуғын-сүргінді де көп көрген екен" деген сөзді тағы естіп қалдым. Бірақ олар дұрыстап мардымды ештеңе айта алмады. Ел аузында ұмытылмай жүрген бұл қандай молда, ол есте қалатындай не істепті?" деген сауал көкейімнен кетпей қойды. Анық-қанығын білейін деп, Қостанайдың Марал ишан атындағы облыстық мешітіне келіп, мешіттің найб-имамы Икрамұлы Бақытжан қажымен жолықтым. – Аймағанбет молда көрген адамым емес, – деді ол,– бірақ ол кісі туралы естігендерім бар. Марқұм Ертай қажы Балахметұлы кейде бізге: "Сендер Аймағанбет молданың атқарған жұмысының жартысын да атқарған жоқсыңдар. Сендерде қазір барлық жағдай бар. Дінді насихаттауға, дінге қызмет етуге кеңінен жол ашылды. Қалталарыңызда ұялы телефондарыңызға дейін бар. Кіммен сөйлесемін, қай жақпен сөйлесемін десеңіздер де мүмкіндіктеріңіз мол. Ал Аймағанбет молдада ондай мүмкіндіктер болған жоқ. Сонда да дінге қарсы қоғамда дінге қызмет етті, дінді уағыздады. Сендер ондай емессіңдер" – деп бізге ұрсатын. Аймағанбет Спанұлы 1900 жылы Әу-лиекөл ауданы Үшқамыс елді мекенінде дүниеге келген екен. Оны жастайынан арнайы молда ұстап оқытады. Діни біршама сауаттанған Аймағанбет пен ағасы Жақыпбекті Кеңес үкіметі 1928 жылы "діндар", "байдың тұқымы" деп қуғын-сүргінге ұшыратады. Содан ол елден жырақ Башқұртстан асып кетеді. 1940 жылдары Қостанайға қайта оралып, түбегейлі тұрақтайды. Бірақ тыңшылар ізіне түсіп, аңдудан көз ашпайды. Мешіт ашсам деп армандап, халықтан 5 сомнан ақша жинайды. Бірақ ол еңбегі зая кетеді. Биліктегілер мешіт салуға тыйым салып, жиналған ақшаны балалар үйіне аудартады. 1947 жылы Сталинге хат жазып, Қостанай Ақмешіті-нің сақталып қалуына қол жеткізеді. Аймағанбет молда Қостанай қаласында Жамбыл көшесі 22- үйде тұрған екен. Бұл кісінің дінге деген адалдығы ел-жұртқа жақсы тарайды. Оны адамдар алыстағы ауылдардан іздеп келіп жатады. Ол қайтыс болған адамдардың жаназасын шығарады, дұға оқиды, діни рәсімдерін жасайды. Және бір атап айтарлығы, жаназалардан түскен ақшаны өз қалтасына салып алмай, Ташкент, Троицк, Махачкала, Қызылорда, Пермь сияқты қалалардың мешіттеріне аударып отырады екен. Аударар кезде "пәленше" деген кісінің жаназасын шығардым. Ақшасын сіздерге салып отырмын. Марқұмның аруағына бағыштап, құран оқысаңыздар екен" деп хат жазып жіберетін көрінеді. Оған жіберген жағынан жауап хат келеді. Сондай хаттардың бірнешеуін қысқаша келтіре кетейін: "Сіздің 2- сентябрь күні жазған хатыңызды алып, өзіңізді көргендей қуанып қалдық. Уақ ағайыныңыз Қасым пірадарыңыз бақиға көшіпті. Алла оны жарылқасын деп сізге көңіл айтамыз. Жаны жәннатта болсын, туыстарының қайғысына ортақпыз. Толық құран түсіріп жатырмын. Марқұмның підия садақасына 100 сом жіберген екенсіз. Қолға алдық. Алла қабыл етсін. Марқұм Қасым Өмірбекұлының туыстарына бізден сәлем жолдаңыз". Исаұлы Сүлеймен. Қызылорда қаласы, Мамонтов көшесі, 67. "Сіздің 22 июньде жіберген хатыңызды алып, 23 июнь күні жауап жазып отырмын. Омарұлы Мұқыш Мұхамеджан қарт пәниден көшкен екен. Марқұмның өсиетті садақасынан бізге 50 сом жіберген екенсіз. Алдық, дұға қылдық. Алла тағалла қабыл етсін". Пахреддин Нұрмағанбетов. Қызылорда қаласы, Мұратбаев көшесі, 13-үй. Қазақ мұсылмандарының мешіті, 1964 жыл. "Сіздің Троицк мешітіне аударған 15 сом ақшаңызды алдық. Марқұм Ағайша молда Халыққызының підиясы екенін түсіндік. Оған жұмада құран оқып, дұға қылдық. Хат жолдаушы Ахмад Әли саф Әлиұлы. 19 июнь, 1971 жыл. 1983 жылғы 10 сентябрьде Пермь қаласы Пушкин көшесі 74- үй, 69 пәтерде тұратын Халим Харисов деген кісі мешітке өз атынан 20 сом салып жібергені үшін Аймағанбет молдаға алғыс сезімін білдіріп, зор денсаулық тілепті. 1964 жылы Ташкент мешітіне де 50 сом жіберіпті. Ал ол кездегі ақшаның құны қазіргідей емес, өте құнды болды. Тізе берсек, мұндай хаттар көп. Олар жан-жақтан келіп жатқан. Яғни, Аймағанбет молда солардың бәріне де жаназалардан түскен ақшаны аударып отырған. Олар өз ризашылықтарын білдіріп, алғыс-тарын жаудырып, ақшаны алғандықтарын растайтын квитанцияларын жіберіп отырған. Араб әрпімен өзбек, татар тілдерінде жазылған осындай көптеген хаттарды Бақытжан қажы әркімдерден жинастырып, қазақшаға аударып жүр екен. Бұл ісі енді үлкен еңбек. Аймағанбет молданың аруағы риза болар. – Мен өзі Әулиекөл ауданындағы Диев ауылынанмын, – дейді Бақытжан қажы. Діни оқуымды бітіріп келгеннен кейін ескі кітаптар көрейін деп, ауылдағы діни адам Тоймыш деген кісінің үйіне бардым. Сонда ол кісі маған Аймағанбет молдаға келген бір чемодан квитанцияны көрсетті. Менің жас кезім ғой, онша мән бере қоймадым. Қостанайдың Ақмешіті филармонияға айналып кеткеннен кейін мұсылмандардың барар жері қалмайды. Сырттан келгендер Аймағанбет молданың үйінен табылады. Ол өзінің шағын үйін дінге берілгендер бас қосатын зиялы орынға айналдырған. 1988 жылы қыркүйек айында Қостанайда өткізілетін бір шараға байланысты Араб әмірлігі елінен 14 адамнан құрал-ған делегация келген. Солар баратын мешіт болмағандықтан Аймағанбет мар-құмның үйінде екі күн болып, дұға бағыштап, жұма намазын өткізеді. Мына жағдайды да айта кету керек. Бір жылдары жергілікті билік Наримандағы мұсылмандар зиратын бұзып, орнына құрылыс салмақ болады. Өйткені, қорым-ға соңғы өліктің жерленгеніне 25 жыл өткен екен. Үкіметтің заңы бойынша 25 жылдан соң қорымды жоюға болады. Бұл жағдай халық наразылығын туғызады. Бірақ билік тыңдамайды. "Сіз молдасыз, сіз айтыңыз, көндіріңіз" деп халық Аймағанбетке салмақ салады. Дәл осы кезде аяқ астынан бір кісі қайтыс болады. Аймағанбет молда әлгі марқұмның туыстарына ақыл айтып, өтініш жасап, мар-құмды осы ескі қорымға жерлеттіреді. Биліктегілерге жаңа мүрдені көрсетіп, қорымды қиратудан аман алып қалыпты. Аймағанбет Спанұлы 1984 жылы қайтыс бол-ған екен. Қайтыс боларының алдында қатты ауырса керек. Оны кім екені белгісіз, "Құрметті Қақа" деп басталатын хатынан білеміз. Осы хатында: "Мен өзіңіз көрген жағдайдан нашармын. Сүннетін отырып оқимын. Парызды амалсыздан тұрып оқимын. Саулығым көп төмендеп кетті. Намазды, парыз, сүннет бәрін де отырып оқуға бола ма? Айтып жаз. Осы хатты үш күн бойы жаздым" деп жазыпты. Осы хатынан-ақ Аймағанбет молданың денсаулығының төмендеп кеткеніне қарамастан дін заңын бұлжытпай орындайтындығын, шариғатшылдығын, Алланың ақ жолына адалдығын анық көреміз. Иә, құдайсыз кеңестік заманның қаһарынан қорықпай, дін жолында адал қызмет еткен Аймағанбет молда Спанұлы туралы әзірге айтарымыз осы. Ол кісінің көзін көрген, дәмдес болған адамдар бүгінде жоқтың қасы. Көзін көрмесе де, ол кісі туралы естігендер болуға тиіс. Ондай адамдар табылып жатса, редакцияға хат жазып, телефон соғып, хабарласқанын қалар едік. Аймағанбет молдаға келген хаттардың ішінде: "Шіркін, құдай жолына берілген Сіздей адамдар көп болса ғой, онда дініміз өрлеп, мешіттеріміз жайнап тұрар еді" деген сөздер де бар екен. Бұдан артық не айтуға болады?
 
Дамир ӘБІШ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓