Еңбектің наны тәтті… Қостанайлық шаруалар төл мерекелерін атап өтті
Ала жаздай ауа-райымен арпалысып жүріп, ақ адал, маңдай термен келген бар астықты қамбаға құйып алған диқандардың ұпайы түгел. Арқаның ұлан-ғайыр төсінде мыңғырта мал өсіріп, түлікке түлік қосқан малшы ағайынның да ұйқысы тыныш қазір. Қысқы жем-шөп, отын-судың қамы да ертерек күйттелді. Биыл шаруалар кемі бір жарым жылға жететін шөп шауып, қыстақ бастарына тасып алды дейді мамандар.
Қысқасы, жыл он екі ай бойы тыным көрмейтін қарапайым еңбек адамы үшін сәл дамылдайтын кез осы тұс.
Соған сәйкес елімізде қараша айының үшінші жексенбісі ауылшаруашылық саласы қызметкерлерінің күні болып бекітілгені баршаға аян.
Ерен еңбек иесіне лайықты құрмет көрсетілуі заңды құбылыс. Дала жұмыстарынан енді босаған шаруалар да мерекеге қол қусырып кеп отырған жоқ. Ала жаздайғы ауыр еңбектің жемісі – жиған-терген өнімін әкеп көрсетті. Жарасымды-ақ көрініс! Біздің өңірде де өнімнің неше атасы өндіріледі. Ет,сүт, жұмыртқа, көкөністің бірнеше түрі – картоп, қырыққабат, сәбіз, жуа дейсіз бе.., әйтеуір толып жатыр.
Қостанай облысында атағы алысқа кеткен шаруашылықтар аз емес. Тұтас бір ауылды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған ондай кәсіп иелері ондап саналады. Мәселен,Науырзым ауданындағы «Шолақсай» , Әулиекөлдегі «Диев» , «Москалев», Қамыстыдағы «Қарабатыр», «Алтынсарин», Қостанай ауданындағы «Шеминов», «К.Маркс атындағы», Арқалықтағы «Арқалық тәжірбие стансасы», бұлардың қатары әсте көп, біз ә дегенде ойға оралғандарын ғана тізіп отырмыз. Міне, осындай үлгілі шаруашылықтарға қарап бой түзеп келе жатқан ұжымдар да жоқ емес.
Ауылшаруашылық қызметкерлерінің төл мерекесі күні мінберден сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамедов биылғы жетістікке аз-кем тоқталып, өңір экономикасының өрістеуіне шама-шарқынша үлес қосқан бірқатар еңбек озаттарын атап өтті. Олардың арасында еңбек ардагерлерінен бастап, шаруашылық басшылары, қарапайым механизаторлар, сауыншылар, малшылар бар.
Иә, үстіміздегі жыл облыс шаруалары үшін оңайға түскен жоқ. Әсіресе, табиғаттың тосын мінезіне қарсы тұра білген диқандар қауымы жерден жап-жақсы өнім жинап алды.
-Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының маңызды салаларының бірі. Мұнда біздің облыстың үлес салмағы басым. Елбасы Н.Ә.Назабраевтың үлкен қолдауының арқасында жыл сайын ауылшаруашылығын дамытуға айрықша назар аударылып, қаржы бөлу мәселесі артып келеді. Осындай айрықша қамқорлықты сезінген облыс шаруалары халықты сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етуге зор үлес қосып жүр.
Биылғы ауа-райының қолайсыздығына қарамастан өңір диқандары 5 млн. тоннадан астам астық жинап алды. Бұл айтарлықтай жетістік. Біз алдағы уақытта да ауылшаруашылық саласында жұмыс істейтін еңбек адамдарының лайықты өмір сүруі үшін қолдан келгенше барлық жағдайды жасайтын боламыз,-деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жиналғандар алдында.
Салтанатты жиын үстінде өңір басшысы бір топ еңбек ардагерлерін, облыс ауылшаруашылығының дамуына сүбелі үлес қосқан еңбек озаттарын медальдермен, құрмет грамоталарымен марапаттады. Мәселен,»Шолақсай» ЖШС директоры Өмірзақ Ихтиляповке, «Арқалық тәжірбие стансасы» ЖШС директоры Степан Гачкайлоға «Еңбек ардагері» медалі табыс етілді.
Сондай-ақ, «Ауылшаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен Қарабалық тәжірбие стансасы» ЖШС директорының орынбасары Мұрат Бердағұлов, қарасулық Серік Осипов марапатталды. Бір топ еңбек озаттарына ҚР ауылшаруашылық министрінің, облыс әкімінің құрмет грамоталары табысталды.
Мерекенің ресми бөлімі облыс көркемөнер шеберлерінің концертіне ұласты.
Айбек КӘДІРҰЛЫ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.