БАҚ туралы жаңа заң керек – адвокат

Заң ғылымдарының кандидаты, адвокат Мереке Ғабдуалиев осындай ұсыныс айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Бізге БАҚ туралы жаңа заң әзірлеу қажет деген ұсыныс айтқым келеді. Ұсынамын. Қажет болса, тіпті талап етемін. Бұл түбегейлі жаңа заң болуы тиіс. Себебі, қазір БАҚ пен журналистер цифрлық дәуір дейтін жаңа сапалық өлшемде жұмыс істеп жатыр. Бұл жағдайда біз интернеттің дамуын, әртүрлі көздерден ақпарат алу мүмкіндігін ескеруіміз керек. Бұл жағдайда біз журналистің құқықтық мәртебесін, оның құқықтары мен міндеттерін, кәсіби деңгейдегі жауапкершілігін айқындауымыз керек», – деді Мереке Ғабдуалиев бұқаралық медианы заңнамалық реттеу туралы конференция аясында журналистерге берген сұхбатында.
Сондай-ақ, ол қазір журналистерді қудалаудың түрлі заңнамалық тетіктері көп екенін атады.
«Мен журналистердің ойдан шығарылған негіздер бойынша қылмыстық қудалауға тартылуына қарсымын. Оқиға орнынан хабар таратуға келген журналистер полиция бөлімшесіне жиі жеткізілетін болып жүр. Оның соңы кейде жұмыстан шығаруға дейін барады. Бұған жол берілмеуі керек», – деді заңгер.
Оның айтуынша, БАҚ туралы қолданыстағы заң құрамды нормативтерден құралған. Сондықтан оны біртұтас құжат етіп қабылдаған жөн.
«БАҚ туралы заңға үнемі өзгерістер енгізіліп келеді. Қазір соның салдарынан ол құрақ көрпеге ұқсап кеткен. Біз бұған басқаша қарауымыз керек. Біз бүгін алған ұсыныстарды шоғырландыру қажет. Біз бұл мәселеге заңда қандай баптарды ауыстыру керек деген тұрғыдан емес, БАҚ пен журналистердің мәртебесін айқындау ұрғысынан келуіміз керек. Осыған сүйене отырып, түбегейлі жаңа заң әзірлеу қажет», – деді адвокат.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓