«Қостанай таңы» – көптің таңдауы!
Айымгүл ЖҮНІС,
ҚМПИ-ның студенті
Мектеп оқушысы кезімнен бастап «Қостанай таңы» газеті менің сүйікті серігім болды. Кез келген оқырманның көңілінен шығатын түрлі айдарлары, мақалалары қызықтырмай қоймайтын. Ғаламторсыз өткен балалық шағымызда жаһанның жаңалығын газеттен ғана оқушы едік. Әсіресе, аймақтағы оқиғаларды «Қостанай таңы» газетінен оқиымыз. Оқушыларға арналған беттері, қызықты да қажетті дерек-дәйктер мен сияқты оқушыларға көп көмегін тигізетін. Аңыз әңгімелер мен таңғажайып оқиғалар оқып, келесі санын асыға күтетінбіз.
Бүгінде ҚМПИ-ның 3-курс студентімін. Әлі күнге дейін «Қостанай таңы» газетін үзбей оқуға тырысамын. Қазіргі таңда жастарға арналған "Жастар.kz" қосымшасын жаныма серік еттім. Замандастарымның мақалалары, айтар ойлары мен үшін қызықтырақ. Ғасырға жуық ғұмыры бар газеттің айтар-жазары, берері көп. М.Сералин мен Б.Майлиндай тарихи тұлғалар тұсауын кескен басылымның болашақ ұрпаққа үлгі екені сөзсіз.
Ең бастысы, мемлекеттік тілде жарық көретін облыстағы жалғыз газеттің мерейі үстем болып келеді. Күн өткен сайын оқырман саны көбейіп, қанат жайып келе жатқаны байқалады. Қостанайдың қай бұрышында болмасын басылымның жарнамалары көзге оттай басылады.
Көшеде, оқу орындарында осы газетті оқып жүрген жандарды көрсем, іштей бір қуанып қаламын. Тағы да көңіл қуантар тұсы, газетті өзге ұлт өкілдері де оқи бастапты. Орталық алаңдағы LD-экраннан «Қостанай таңының» жарнамасына орыс азаматы түскенін, газет оқып, қазақ тілінде сайрап отырғанын көресіз.
Бұл – газет ұжымының тынымсыз еңбегінің, оқырман сұранысына қанағаттандыруға талпынатын табанды ізденістің жемісі.
Шалғайдағы қазақтарды, әсіресе, облыстың оңтүстік аудандарындағы жұртшылықты ақпаратпен сусындатып отырған да – осы қара шаңырақ«Қостанай таңы». Ауыл-аймақтағы ата-әжелеріміз осы газетті күтетіні сөзсіз. Себебі, өзімнің атам «Қостанай таңы» газетінің жаңа саны келсе, ішкен асын жерге қоятын. Халықтың жаны болған «Қостанай таңы» – көптің таңдауы!