ЭКСПО-2017 КЕШЕНІ: ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫ ҚАЛАЙ?
«Ғаламшарды азық-түлікпен қамтамасыз ету, тіршілікке арналған энергия» деген тақырыппен өткен «EXPO MILANO-2015» көрмесінің жабылу салтанатында ЭКСПО байрағын ҚР өкілдеріне табыстау рәсімі өткенін хабарлағанбыз. Енді, ресми түрде Көрме байрағы Елорданың төрінде желбіреп тұратын болады. Төрткүл дүние көз тігіп отырған халықаралық көрменің құрылыс қарқынына Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталес жоғары баға берген-ді.
«Бұған дейін бөлінген 25 миллиардқа ЭКСПО-2017 кешені құрылысын жалғастыруды несиелеу үшін 2015 жылы қосымша 40 миллиард теңге бөлуді тапсырамын», – деп мәлімдеген еді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына жолдауында. Ресми мәліметтерге сүйенсек, көрменің барлық нысандары 2016 жылдың соңында тапсырылуы тиіс.
Қазіргі кезде Есіл ауданындағы жалпы аумағы 173,4 гектар жерде көрме кешенінің құрылысы жүріп жатыр. «ЭКСПО-қалашықта» сауда-саттық, ойын-сауық орталықтары, тұрғын үй кешендері, әлеуметтік-мәдени, білім беру және денсаулық сақтау нысандары, бақтар мен желекжолдар салынады. Алып кешеннің дәл ортасында тамшы бейнесіндегі диаметрі 120 метрді құрайтын Қазақстан павильоны орналасады. Сұлулығы көз тартар халықаралық және корпоративтік павильондар оны жан-жағынан қоршап тұрады. Олардың ішінде Ұлттық күн павильоны, Өнер орталығы, Энергия холы, «Өмір энергиясы», «Баршаға арналған энергия» деп аталатын тақырыптық павильондар бар.
Халықаралық көрме қарсаңында тұрғындарға 4 мыңға жуық пәтер пайдалануға беріледі. Олардың сырты табиғи таспен қапталады. Құрылыс барысында «жасыл» технологиялар пайдаланылатын тұрғын үйлердің барлығы күл-қоқысты вакуумдық жолмен соратын жүйемен, энергия үнемдегіш жарық қондырғыларымен жабдықталады. Сондай-ақ, суды екінші рет техникалық мақсаттарға пайдалану тәжірибесі де жүзеге асырылады. Ең бастысы, отандық мамандардың айтуынша, тұрғын үйлердің құрылысында құрамында токсиндері жоқ экологиялық материалдар қолданылады. Сондай-ақ, үйлерді жылылауға қайтадан өңделген минералды мақта, әртүрлі жылылағыштар, қатты қажет болған жағдайда ағаш, түрлі түсті металл, болат пайдаланылады.
ЭКСПО-2017 құрылыс алаңында 8 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Құрылыс алаңы көптеген бөліктерден тұрады. Нысандарды құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес жүргізуге ерекше көңіл бөлінуде. Қалаға деген көзқарас оның «табалдырығынан» қалыптасады. Сол себепті қалаға кіреберіс тұстарда салынып жатқан ғимараттар өзінің қайталанбас сұлулығымен және бірегейлігімен көздің жауын алып тұруы шарт.
ЭКСПO-2017 халықаралық көрмесінде «Сфера» сәулет символына айналады деп күтілуде. Алып шар көрме кешенінің орталығында орналасады. «Сфераның» диаметрі — 80 метр, жер асты бөлігі бар сегіз қабатты ғимараттың жалпы ауданы шамамен 26 мың шаршы метр болады. Құрылыстың сыртқы қабаты әйнекпен қапталады. Алып шардың жоғарғы бөлігінде екі жел генераторы орнатылады. Сфераның ғимаратында музей, сонымен қатар, «Қазақстан-Астана» павильоны орналасады. Бірінші қабатта тақырыптық маршрут ұйымдастырылады, яки қонақтар бұл бағытпен жүре отырып мемлекеттің даму тарихын көреді Һәм әсем жерлері мен мәдени дәстүрлері туралы мәлімет алады. Бұл нысанның құрылысының 2016 жылдың соңында аяқталатыны айтылды.
Қасқырбай Қойшыманов
Суретте: құрылыс алаңындағы ғимараттар;
Суретті түсірген автор
саламатсиздар ма? мына фотоларды презентацияга пайдалансам болады ма екен? таба алмай жур едим ЕКСПО фотоларын, интернеттегилердей емес "живой" екен. Денисов ауданынанмын. мадениет баскармасы. руксат шыгар?
Салеметсіз бе, әрине рұқсат. Тек, Қостанай таңының сайтынан алғаныңызды айтып жүрсеңіз болғаны )))
8 мың адам!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!
Експо- казакка биткен бак па сор ма? мен соны тусинбеймин. Костанай таны калай ойлайсыздар?