«Қыз қуу, құнан бәйге, палуандар…» Сыр еліндегі спорт сайысы
Қызылорда қаласында ұлттық спорт түрлері бойынша IV Республикалық фестивалі мәреге жетті. Спорт додасы Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Қазақстан Халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналды. Қостанай үкілеп апарған спортшылар абыроймен өнер көрсетті.
Алғашқы алтын қыз қуу спортынан түсті. Арыстан Дәулеткелді мен Айсара Асанның өнері көрермендердің жоғары бағасын алды.
Қостанайда өткен жекпе жекшілер айқасында жеңімпаз атанған Кенжеғали Жұмағұл мен Аманбек Жаманқараев Сыр елінен де олжалы оралды. Тиісінше күміс және қола медальді қоржынға салды. Үздік үштіктен көрінгенгердің қатарында тоғызқұмалақшы қыз Қымбат Нөсерова да болды.
Қазақ күресі бойынша «Алтын арқалап келеді» деген мақтанышымыз Марина Мамонтова қоланы қанағат тұтты. Сондай-ақ, 55 келіде белдескен Әлішер Мұханбетжанов та үшінші орынды иеленді.
Ат жарысы десе әр қазақтың делебесі қозатыны белгілі. Бұл фестивальдегі құнан бәйгенің күмісі қостанайлық Қуаныш Өтегенге бұйырды..
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ