Жаңа тағайындаулар

Қазақстан Республикасы тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі Агенттігі төрағасының бұйрығымен ҚАМШЫМБАЕВ Азамат Әбдрахманұлы үстіміздегі жылдың 11 маусымынан бастап Қостанай облысы бойынша тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі департаменттің басшысы болып тағайындалды.
Қамшымбаев Азамат Әбдрахманұлы 1978 жылы Ресей Федерациясының Челябі облысында туды. 1999 жылы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін, 2001 жылы Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын тәмамдады. Еңбек жолын 1999 жылы Қостанай қаласында "Сельхозтехника" АҚ-да заң кеңесшісі болып бастады. 2000-2001 жылдары сот орындаушысы, 2001-2005 жылдары-ҚР табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау жөніндегі Агенттігі департаментінде жетекші маман, одан кейін бас маман, заң бөлімінің бастығы, 2005-2006 жылдары құқықтық және ұйымдастыру жұмысы бөлімінің бастығы, ҚР табиғи монополияларды реттеу жөніндегі Агенттігінің Қостанай облысы бойынша басқармасы бастығының орынбасары міндеттерін атқарды. 2006-2008 жылдары бәсекелестікті қорғау жөніндегі Комитеттің Қостанай облысы бойынша монополияға қарсы басқармасының бастығы, 2008-2012 жылдары – бәсекелестікті қорғау жөніндегі Агенттігінің Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Алматы облыстарында өңіраралық инспекция бастығы лауазымын атқарды. 2012-2014 жылдар аралығында Алматы қаласы бойынша монополияға қарсы инспекцияның басшысы болып істеді. 2008 жылы "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталды.
* * *
ҚР ішкі істер министрінің бұйрығымен ҚЫЗЫЛОВ Мирлан Ахмедияұлы үстіміздегі жылдың 24 мамырынан бастап ҚР ІІМ Қостанай Академиясы бастығының міндетін атқарушы болып тағайындалды.
Қызылов Мирлан Ахмедияұлы 1968 жылы Қарағанды облысы Шет ауданы Ақсу-Аюлы ауылында туған. 1995 жылы ҚР ІІМ Қарағанды жоғары мектебін үздік бітірген. Ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 1989 жылы қатардағы милиционер болып бастады. 1996-1997 жылдары Қарағанды ОІІБ жедел уәкілі, аға жедел уәкілі, одан соң ҚР ІІМ Қарағанды жоғары мектебінде, Ақмола заң колледжінде оқытушы, аға оқытушы болып істеді. 2006-2008 жылдары Б.Бейсенов атындағы Қарағанды заң институтында кафедра бастығының орынбасары, 2008-2010 жылдары – институт бастығының орынбасары, 2010-2014 жылдары – ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды Академиясында бастықтың оқу ісі жөніндегі орынбасары міндеттерін атқарды. Заң ғылымдарының кандидаты, профессор. 64 оқу-әдістемелік және ғылыми жұмыстардың авторы. "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл", "Құқық тәртібін қамтамасыз етуде үздік шыққаны үшін", І-II-III дәрежелі "ІІО мінсіз қызметі үшін", "Қазақстан полициясына 15 жыл", "Қазақстан полициясына 20 жыл", "Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының ардагері" медальдарымен, Құрмет грамотасымен және "ІІМ үздік қызметі үшін" және "Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының құрметті қызметкері" төсбелгілерімен марапатталған. Полиция академиялары (NTERPA) Халықаралық қауымдастығы атқарушы органының мүшесі.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓