Қостанайлық волейболшылар жеңіспен оралды
Құқық қорғау органдары және күш құрылымдары арасында өткен республикалық чемпионатта ҚР ІІМ командасының құрамында алты қостанайлық полицей жеңіс үшін күресті. "Алатау" спорт кешенінде өткен жарысқа барлығы 11 команда қатысты.
ҚР ІІМ құрамасы әр ойынға жан-жақты дайындалып, жеңіске ұмтылды. Қарсыластары мықты болса да намысты қолдан бермей, жартылай финал мен финалда жеңіске жетті. "Динамо" қоғамы төрағасының кубогы, медальдер мен ҚР ІІМ құрамасы ұйымдастырушыларының бағалы сыйлықтарын ҚР ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың өзі тапсырды. Генерал-лейтенант жарыстың жоғары деңгейде өткенін атап өтті. Қостанайлық спортшыларды жеңісімен ОІІД бастығы полицияның генерал-майоры Тілеген Мәткенов құттықтап, құрама мүшесі Мирасбек Ақмұхамедовке жеңіс кубогын тапсырды.