Қарыздан құтыл – ұйқың тыныш
Қостанай жылу энергетикалық компаниясының қызметкерлері берешекке белшеден батып отырған тұрғындардың есігін қақты. Борышкерлерге қарсы ұйымдастырылған рейдке жергілікті БАҚ өкілдері де қатысты.
Бүгіндері қостанайлықтардың жылу мен ыстық су бойынша қарызы 190 млн. теңгенің басын құрап отыр. 90-ы – жеке тұлғаларға тиесілі. Осынау соманы құрауға «атсалысқандар» арасында миллиондап берешекке батқандар да, он мың теңгеден төмен қарызды қасақана өтемей отырғандар да бар. Жаңа жылу маусымы басталды. Ал көбі борыштарын көктем айынан бері төлемей келеді. Бәрі де жауапсыздығы үшін шақырылмаған қонақтарды күтуге мәжбүр болды.
Н.Пан, М.Менчинская сынды ҚЖЭК бақылауышлары «Әскери қалашықтан» бастап, 6,7,8,9 шағын аудандарды аралады. Сексенге жуық үй мен дүкеннің есігі қағылды. Мәселен, Гвардейский көшесіндегі «Валерик» атты дүкен коммуналдық қызмет үшін 35 мың төлеуі тиіс. Қалың топты күтпеген дүкен егелерінің қабағы қатуланып кетті. Камерадан жасырынбаққа әрекеттенді. Әуел бастағы берешектері 100 мың болса керек. Бірте-бірте құтылатынын айтып, ашуға басып, жекіп тастады. Ал, керісінше, 7-шағын аудандағы «Вавилон» сыраханасы рейдшілерді клиентіндей қабылдады. Мұның берешегі 1 млн. теңгеден асқан. Таяу арада төлелентінін айтты.
15-дүкен шағын ауданы маңындағы «Новый» сауда орнының қожайыны да «қонақжайлық» танытты. Коммуналшыларға есептегіш құрылғыларын тексеруге қарсылық білдірген жоқ. Дегенмен жаз бойғы әуеніне салып, «әне-міне төлеймінмен» құтылды. Бақылаушылар жылу есептегішке қорғасын мөр басқаннан бөлек ештеңе істей алмады. 9 шағын ауданға жасалған «жорық» та аса сәтті болған жоқ. 6-үйдің борышкер тұрғындары есіктерін ашпай қойды.
Бақылаушылар тілшілерге шаруаның мұнымен бітпейтінін, шара жалғасын табатынын мәлімдеді.
Ж.Жүсіпбек