«МАМАН ТАПШЫЛЫҒЫ БІЗГЕ ҒАНА ТӘН ЕМЕС» дейді облыстық филармония басшысы А.Евсюков

Жоспар бойынша, биыл 270 концерттік бағдарлама көрермен назарына ұсынылуы керек. Осы арқылы жобамен 26 млн. теңге табыс кіргізу көзделген. Әзірге, осы уақытқа дейін сатылған билеттер 16 млн. теңгедей жиып беріпті. Алайда жыл аяғына дейін өнерсүйер жұртшылықтың жүрегіне жол тартатын мәдени шаралардың тізімі әлі де көп. Е. Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының директоры Александр Евсюков өңірлік БАҚ өкілдерімен кездесуін осындай мәліметтермен бастады.IMG_6060
Таяу арада афишасы ілінбек ең ауқымды концерттік бағдарламалардың иелері Қазақстанның еңбек сіңірген өнерпаздары болмақ. Мұның сыртында, алда тосып тұрған айтулы мерекелерге де тыңғылықты әзірліктер жүріп жатыр. Тағы да, 20-22 қараша аралығында дәстүрлі бардтық әндер фестивалі жалғасын табады. Бір сөзбен, филармония ұжымы әдеткі белсенділікпен жұмыс істеуде.
-Бұл жылы да Қостанайдың мәдени қоржыны олжасыз қалған жоқ. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған халықаралық этникалық-мәдени байқаудан М.Қадіров бас жүлде әкелді. Осы мазмұндас Башқұртстанда өткен байқаудан А.Мұқатов лауреат атанып қайтты. «Ақжелең» ансамблінің де республикалық «Ғасырлар сазы» конкурсында лауреат атанғанын айту керек. Челябідегі джаз фестивалінде «Биг бэнд» тобы топ жарды. Сондай-ақ Г.Стаканов, Т.Ивлева сынды қызметкерлеріміз және «Тамаша» театры ҚР Мәдениет Министрлігінің марапатын иемденді. Мақтанышпен айтар жетістіктер әлі де алда деп сенеміз,-деп, жетістіктерді жіпке тізді А.Евсюков.   филар
Өнерпаздар біліктілік арттыруды да қаперден тыс қалдырмайды. Мәселен, филармония қызметкерлері Г.Үмбетова мен Н. Степанова Италияда, Н.Молдахметов Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы консерваторияда тәжірибеден өтіп келді.
Естеріңізде болса, таяуда Қостанай сахнасында тұңғыш рет опера қойылды. Әрине, алайда мұндай ғанибетті көрермендерге тарту еткен ресейлік өнерпаздар. А.Евсюков келер жылы қазақ операсын Тобыл сахнасына әкелу жоспарланып отырғанын айтты.
-Қазақ операсы қоржынындағы туындылар, білсеңіздер, өте көп емес. Сонымен қатар, бәрі дерлік көлемді келеді. Ал енді тың дүние сахналау білікті режиссерді талап етеді. Егер бұл өнерді халықтық болмыс пен классиканың синтезі десек, ұлттық операны сол ұлттың режиссері қоюы керек. Қанша білгір болса да шетел маманын шақырту қиянатпен тең болар еді. Сосын, егер бұл мақсатымыз жүзеге аспақ болса, филармония мен театр бұл жауапты дүниені жұмыла атқаруы тиіс. Мүдделес болуы керек,-дейді филармония басшысы.
Маман мәселесі төңірегінде тілшілердің қойған сұрақтарына да тыңғылықты жауап берді. Айтуынша, кадр жетіспеушілік сезілетіні жасырын емес. Ойсырап тұрған бос орын болмағанымен, ауқымды оркестрлік (әсіресе симфониялық – авт.) концерттерінде Астанадан, Алматыдан арнаулы мамандарды шақыртуға тура келеді екен.
-Мәселен,-дейді А.Евсюков,- бір облысқа – бір ғана контрабасшы. Оның өзін Алматыдан алдыртқан болатынбыз. Мұндай мамандарды шақырта беруге болады. Тек бір мәселе – біздің олар шарт қылған қажетті жағдайын жасап бере алмайтынымызда. Біздің өңірдегі музыкалық мектептерге көз жұма қарауға болмайды. Талай дарынды түлетіп жатыр. Алайда ондай жас дарындар байқауларға барып, жеңімпаз атанып, облысқа қайтып оралмай қалып жатыр.
Мұндай мәселе жалғыз Қостанай филармониясына ғана емес екенін тағы айтты. Сондықтан басқа облыстармен тығыз әріптестік қатынаста: бірінің кемдігін бірі бүтіндеп, «күрмеу жіпке кендір байлап» күнелтеді.  
 
Ж.Жүсіпбек

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓