Ауданда атқарылған жұмыстар аз емес
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жұмыс сапарымен Алтынсарин ауданында болды. Аймақ басшысы ең алдымен 1000 бас ірі қараға арналған мал бордақылау алаңын іске қосқан "Беляевка" ЖШС-іне ат басын бұрды. Аталған серіктестік бұл бордақылау алаңын 2013 жылдың желтоқсан айында инвестжоба аясында іске қосқан болатын.
Жоба құны – 110 млн. теңге. Жылына 250 тонна ет өндіріп, ішкі сұранысты жүз пайызға өтеп отырған шаруашылықтың бүгінде ісі алға басып келеді. Серіктестік былтыр 251 тонна ет өндірсе, биылғы жылдың тоғыз айында 180 тонна ет тапсырған. Ал, жыл соңына дейін тағы да 50 тоннадан астам ет өткізуді көздеп отырған көрінеді. Инвестжоба аясында мал бордақылау алаңынан бөлек, малшыларға арналған жеке үй мен мал азығын сақтайтын қойма, үш баз салынып, ұңғыма да қазылған. Қазір серіктестік жем-шөппен де толықтай қамтамасыз етілген.
-Осыдан екі жыл бұрын инвестжоба аясында мың басқа арналған мал бордақылау алаңын іске қосып, бүгінде соның пайдасын көріп отырмыз. Мақсатымыз – жыл сайын мал басын көбейтіп, ет экспортының әлеуеттін арттыру. Асыл тұқымды қазақтың ақбас сиырларын өсіріп жатырмыз. Ең бастысы, жақсы күтім болған жағдайда ғана бордақылауға қойылған мал семіз шығады ғой. Сондықтан, шаруашылықта күндіз-түні малға қарайтын жұмысшыларымыз да бар. Олардың да жағдайын ойлап, арнайы үй де салып бердік, онда барлық жағдай жасалған. Жұмысшылардың айлық еңбекақысын да уақытылы беруге тырысамыз. Бірер күннен кейін Ұзынкөлден тағы да 113 бас ірі қара әкелгелі отырмыз, оған арнайы баз дайындап қойдық,- дейді серіктестік директоры Владимир Фоменко.
Мұнан кейін әкім ауданнан отыз шақырым қашықтықта орналасқан “Зуевка” серіктестігінің астық сақтайтын қоймасында болды. Биыл шаруашылық үшін егіннің шығымы да, сапасы да жаман болмапты. Қамбаға 14 мың тоннадан астам астық құйылған.
-Биыл 1-маусымға дейін егілген бидайдың шығымы да, сапасы да өте жақсы болды, әр гектарына 17,6 центерден орылды. Былтыр 12 центнерден алған едік. Тәубе, барға қанағат етеміз, – дейді серіктестік директоры Александр Бородин.
Шаруашылықтың жұмысына оң баға берген облыс әкімі А.Мұхамбетов оларға осы қарқыннан таймауға кеңес берді. Әрі жылда егінді, ең ұзақ дегенде, 5-маусымға дейін еккеннің нәтижесі де жаман болмайтындығын жеткізді.
2013 жылы “Ақбұлақ” бағдарламасы аясында ауданды ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 1 млрд. 400 млн.теңге қаржы бөлінген болатын. Бүгінде үш жылға арналған жобаның арқасында Селантьев, Большой-Чураков ауылдарына су тартылып, халық ауыз судың игілігін көріп отыр. Мұның сыртында биыл Щербаков ауылына да су тартылды, бүгінде ауыл тұрғындарының 76 пайызы үйлеріне су кіргізіп үлгеріпті. Облыс әкімі мердігерлерден құбырлардың орналасу тереңдігін, қысқа төзімділігін және ауыз судың сапасын да сұрап білді.
– Су құбырлары біздің қысқа төтеп беретіндей, яғни 3,2 метрлік тереңдікте орналасуы тиіс. Миллиардтан астам қаржы құйылған жоба болғандықтан, сапасы да соған сай болуы тиіс әрі сервистік қызмет пен кадрлар да талапқа сай болуы керек, – деді облыс әкімі А.Мұхамбетов.
Сапарының соңында өңір басшысы “Сосновый бор” шипажайына соғып, дәрігерлермен жүздесіп, емдеу-сауықтыру орнының ішін аралап, тыныс-тіршілігімен танысты.
Қарлығаш ОСПАНОВА