Шебердің қолы ортақ
Бүгінде қолына ине-жіп алып, іс тігетін шеберлер аз емес. Мәселен, Жангелдин ауданында өз ісін ашып, кәсібінің нәсібін көргендер саны артып келеді. Солардың бірі – еңбегінің берекесін тігіншілік өнерден тапқан Кәмпит Елеуітова. Қолөнершінің ісмерлігі, өзінің айтуы бойынша анасынан дарыған. Ол осы қабілетін кәсіпке айналдыра білді. Сонымен қоса, өз ісінің маманы тігін шеберханасында бір тігіншіні жұмыспен қамтып отыр. "Ниетің мен мақсатың айқын болса, кәсіп ашуға мүмкіндік көп", – дейді шебер. –Негізгі мамандығым – мұғалім. Бұл салада біраз жыл қызмет істедім. Осыдан 5 жыл бұрын Ақтөбедегі Қыдыр ата мектебіне барып, сабақ алғанымда ол кісі: "Әйел заты тігінмен айналысқан жөн. Берекесі бар іс. Қазақи нақышпен ұлт жанашыры болып кейінгі ұрпаққа қолөнерді дәріптеңдер", – деп айтқан еді. Сол кісінің бір ауыз сөзі маған ой салып, қолөнерге деген қызығушылығымды оятты. Содан 2 жылдан кейін шеберханамды ашып, қасыма тігінші Гүлшат Базарованы жұмысқа алып, осы істі бастап кеттім. Кәсібім жемісін беріп отыр деп айта аламын. Көбінесе бұйымдарды тапсырысқа тігеміз. Соның ішінде қыз жасауына және құдалыққа апаратын екіжақты дорбаларға тапсырыс көп. Ерекше үлгіде тапсырыс берушілер қатары көбейгендіктен, ғаламторда және жүрген жерімізде ерекше үлгілер мен ою-өрнектерге көз қырын салып жүреміз. Өйткені, халық жаңашыл үлгідегі дүниелерді ұнатады. Сондықтан тұтынушының көңілінен шығардай етіп, уақытылы дайындауға тырысамыз. Егер ол тұтынушының көңілінен шықса, еңбегіміздің ақталғаны деп білемін, – дейді ісмер. Шебердің қолынан шыққан көрпе-жастықтар мен қоржындар өзгеше оюларымен көз тартады. Шеберхана іші тиісті құрал-жабдықтармен қамтылған.
–Сонымен қатар, біз жаңа туған нәрестеге арналған жиынтықты да тігеміз. Оны тек таза мақтамен дайындап, синтетика қоспаймыз, таза жұмсақ помази матаны қолданамыз. Оның сыртына да қалтасын қолдан тігеміз. Қажетті материалдарды Алматы қаласынан алдыртамын. Өз қолыңнан шыққан әрбір бұйым шынайы сүйіспеншілікпен жасалған соң өзіңе ыстық болады екен… Алдағы уақытта шеберхана ауқымын кеңейтіп, үлкен көлемде ашқым келеді. Әрине, ол уақыттың еншісінде,-дейді ісмер Кампит Елеуітова.Тігіншіліктің тілін түсіне білген шебердің бұл бастамасы қолдауға тұрарлық. Икемі бар істі игеріп әкету де көпке үлгі боларлық дүние.

Әсел ҚИБАШ