Сарыкөлдік спортшылар үздіктер сапында

Қазан айы сарыкөлдік спортшылар үшін сәтті басталды.  9-11 қазанда Қостанай қаласында еркін күрестен 2000-2002 жылғы қыздар арасында өткен облыстық чемпионаттан біздің жерлестеріміз жеңіспен оралды. Ең үздіктер сынға түскен сайыста Чехов орта мектебінің оқушысы Айсұлу Нұрғалиева жеңімпаз атанды. Ол енді облыс атынан Қазақстан Республикасы чемпионатына қатысады. Сонымен қатар, сәтті өнер көрсеткен Урицк орта мектебінің оқушысы Анастасия Литвинова (37 келі) екінші орынды еншілесе, №1 Урицк орта мектебінің жоғары сынып оқушылары Екатерина Лагода (52 келі) мен Ирина Гнатишиналар (44 келі) үштіктен көрінді.
Сондай-ақ, 9 қазанда гір спорты бойынша облыста өткен ашық чемпионатқа Барвин ауылдық мектебінің оқушылары бақ сынап қайтқан болатын. Олар да олжасыз оралмады. Айталық, Василий Мищенков, Қуандық Жантасов және Дарья Сопколар алтыннан алқа тағып, облыстық атлеттер арасында жоғары дәрежелі жеңімпаз атанды.  

Барвин ауылының спортшылары

Барвиндіктер бұнымен шектеліп қалған жоқ. Алтынсарин ауданында 1998 жылғы жасөспірімдер арасында қол күрестен өткен ашық турнирдің ең үздік спортшылары  атанды.  Олар – Семен Чернышев, Василий Мищенков, Дмитрий Коченда, Игорь Филипенко және Михаил Рыжик, енді облыстық құрамаға енді.
Ал, 11 қазанда педагог-ағартушы Ы.Алтынсаринді еске алуға арналған облыстық жеңіл атлетика жарысында да біздің желаяқтар жаман өнер көрсеткен жоқ. 9 шақырым қашықтықта түрлі жас ерекшелігі арасында Сарыкөл құрамасының жаттықтырушысы Светлана Максименко және ардагер спортшы Игорь Кухаренко жүлделі екінші орындарды жеңіп алса, ал Анатолий Засухин үштікті місе тұтты.
Олай болса, аудан намысын қорғап, абыройын асқақтатып келген спортшыларымызға алдағы уақытта да сәттілік пен жеңіс тілейміз!
 
Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓