Аймақ басшысы ауданның әлеуметтік хал – ахуалымен танысты
Облыс әкімі Архимед Мұхамед арнайы іс – сапармен келіп, ауданымыздың әлеуметтік – экономикасы және оның бүгінгі таңдағы даму тұрғысындағы хал – ахуалымен танысты.
Аймақ басшысы алдымен “Ақбұлақ” бағдарламасы шеңберінде салынған Торғай ауылының 1-ші көтерілімдегі су сору және 2-ші көтерілімдегі су беру, тазарту станцияларын аралады. Іске қосылып, пайдалануға берілген бұл нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары сапалы жүргізілгендігіне көз жеткізді.
Алдағы уақытта халықты таза ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған су беру станциясының қалыпты жағдайда істен шықпауын үнемі қадағалап отыруын тапсырды. Бұдан кейін облыс әкімі 2013 жылы “Бизнестің 2020 жол картасы” бойынша “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” акционерлік қоғамынан 2 млн 700 теңге несие алып, кәсібін нәсіп еткен жеке кәсіпкер Ж.Зайнуллиннің кондитерлік өнімдер шығаратын шағын цехына ат басын тіреді. Жас кәсіпкердің анасы К.Зайнуллина арнайы технолог мамандардың берген бағыт – бағдары бойынша жұмыс жасап жатқандығын және ұннан жасалатын өнімдерге тұтынушылар тарапынан мол сұранысқа ие болып отырғандығын тілге тиек етті.
Облыс әкімі Архимед Бегежанұлы “шағын және орта бизнесті оның сыртында кәсіпкерлікті одан әрі дамыту үшін тынымсыз жұмыс жасау керек. Сондай –ақ, аталмыш бағдарламалар бойынша жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыссыз жүрген жандарды оқытып, машықты маман әзірлеуді естен шығармаған абзал. Сапалы өнім қашанда өз құнын жоймайды. Сонымен қатар нан бағасы тұрақты болу керек”, – деді.
Ауданымыздағы зиялы қауым өкілдері, яғни еңбек ардагерлерімен кездесіп, олардың ұсыныс – пікірлерін тыңдады. Елдің ертеңіне алаңдайтын қарияларымыздың орынды сауалдарына орнықты жауап берген облыс әкімі біз елдігіміз бен бірлігімізді, ынтымақ пен тыныштықты сақтау үшін бес саусақтай бірігуіміз ләзім. Облыстың, ауданның экономикасын көтеру үшін бірлесе отырып, қоян – қолтық жұмыс жасасақ қана биік шыңдарды бағындырамыз. Ол үшін ең бастысы шапағаты тиімді мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, мал шаруашылығын, кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосу керек. Сонда ғана жұмыссыздық деңгейін азайта аламыз. Сіздермен жүздесіп пікірлеріңізге құлақ түргенімде өз ойларыңызды ашық жеткіздіңіздер. Мен қолымнан келгенше көмектесуге әзірмін. Ал, облыстың, ауданның атын өзгерту ол уақыт еншісінде”, – деп өз ойын түйіндеді аймақ басшысы.
Торғай жерінің қойнауы байлыққа толы болмаса да тарихқа толы. Оның айғағы аудан орталығындағы Шақшақ Жәнібек мұражайы. Аталмыш мұражайды аралау барысында шежірелі өлкенің тарихына қанық болған облыс әкімі ерекше әсерде болды.
Байбатыр АХМЕТБЕКОВ
Жанкелдин ауданы