ТӨРТКҮЛ ДҮНИЕ КӨЗ ТІККЕН немесе EXPO-2017 көрмесіне қосатын Қостанай жастарының үлесі қандай?
EXPO Бүкіләлемдік бірегей көрмесі – маңыздылығы бойынша дүниежүзілік экономикалық форумдармен, қала берді, ең танымал деген олимпиадалық ойындар һәм әлемдік деңгейдегі спорттық жарыстармен салыстыруға тұратындай жаhандық ауқымдағы оқиға. ЕХРО көрмесін миллиондаған туристер тамашалайды, сондықтан әрбір ел өз мәдениетіндегі ұлттық өзіндік ерекшеліктерін танытатын және өздерінің экономикалық және технологиялық дамуының деңгейін бүкіл әлемге көрсететін бірегей павильон құруға ұмтылады.
Тарих парақтарын ақтарсақ, 1851 жылы Лондонда өткен бірінші Бүкіләлемдік өнеркәсіп көрмесінен бастау алған EXPO көрмесі жыл өткен сайын зор танымалдылыққа ие болып, қатысушыларға әлемнің экономикалық, технологиялық және мәдени жетістіктерімен танысуға тамаша мүмкіндіктер беріп келеді. Сондай-ақ, инновациялық идеялар алмасу мен келешекте бар ғаламға қолға алған құрылыстар мен зәулім ғимараттарымызды «бет қызармай» көрсетуге мүмкіндік сыйлайтын көрме бұл.
«Қостанай таңы» газетінің жанынан құрылған әлеуметтік эмпирикалық зерттеу орталығы үстіміздегі жылы «ЭКСПО-2017: пайдасы мен зияны» атты жастар арасында зерттеу жұмысын жүргізген еді. Нақты айтқанда, Қостанай облысына қарасты төрт қала мен аудандарда сауалнама жүргізген болатын. Қорытындысы көңіл қоншытады.
Сауалнамаға қатысуға 14 пен 29 жас арасындағы облыстың кез келген тұрғыны қатысуға мүмкіндік алды. Жастардың 80%-ға жуығы көрмені пайдалы жақтары мол деп есептесе, 10%-дан астамы зиянды бола алады деген кейбір себептерді айтты. Мәселен, «өз шығынын ақтамайды», «қаржы бос жұмсалады» деп белгілегендер де болды. Қостанайлық респонденттердің жауаптарын саралай келе Бүкіләлемдік көрмедегі Қазақстан бағындыратын жетістік – ғылым саласының дамуы. Сауал алынғандардың қорытындысын негізге ала отырып, ЭКСПО-2017 арқылы қоғамдық институттар жаңарып, тіпті, іргесі енді қаланатын орталықтарда, ұйымдарда жастар саясатына аса жоғары мән беріліп, күллі қазақстандықтарды қуанышқа бөлейді деп айта аламыз. Бұл ретте жастарға аға буынның сара жолы қажет деп есептейміз.
Қаладағы Назарбаев Зияткерлік мектебі ауласында теректің жаңа түрі егілген. Оның авторы – Қостанайлық биолог маман Валентина Ободовская. Ол осыдан үш жыл бұрын ұлпа шашпайтын теректің түрін өсіруді қолға алды. Енді осы жұмысымен Астанадағы халықаралық көрмеге қатысуға бел буды. Валентина ЭКСПО-ның ресми сайтына тіркеліп, өз жаңашылдығы жайлы айтқан екен. Жақында биолог маман Астана қаласына барып, сұхбаттасуға қатысып келді. Енді комиссия мақұлдаса ЭКСПО-2017 көрмесіне жолдама алады.
– Теректің жаңа түрін ойлап табуға қаладағы ағашты жөн-жосықсыз кесу жұмыстары түрткі болды. Өйткені мұнымен пайдадан гөрі, керісінше облыс орталығының жасыл желегіне зиян келтіріледі. Әрине, биолог ретінде бұған бей-жай қарай алмадым. Одан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жазық далалы елімізді орманды алқапқа айналдыру керек деген сөзі мені тіптен шабыттандыра түсті. 2012 жылдан тәжірибе жүргізуді қолға алдым. Мақсатым терек ағашының жаңа түрін табу болды. Терек ағашын зерттей жүріп, мен ұлпасын шашпайтын түрлерін іріктеп алдым. Ағашты сұрыптай келе, бальзамикалық теректі шығару мүмкін болды. Өзімнің арнайы ағаш бағымды ашып, сынау мақсатында 10 көшет отырғызып көрдім. Олар тамыр жайып, бой көтере бастады. Содан кейін көшеттер санын арттырып, халық арасына таралуына білек сыбана кірістім. Өткен жылы ұлпа шашпайтын терек көшетінің саны бес мыңға жетті, — дейді Валентина Ободовская.
Қазірдің өзінде қызығушылық танытқан жастар жағы Валентина Ободовскаяның ақыл-кеңестеріне жүгінуде.
Сауалнама қорытындысына сүйенсек, ЕХРО-2017 көрмесі 35,5% менеджерлерді дайындайтын мектеп болады.
Дулат Едрес, инженер-технолог, 22 жаста: Бүкіләлемдік көрме кезінде Астанамыз көркейе түседі. Ұлттық құндылықтарымызды: біздің тарихымызға, мәдениетімізге, әдебиетімізге қатысты түрлі кітаптарды шет тілдерге аударып, келген туристерге ұсынуға, жан-жақты қосымша көрмелер, концерттер ұйымдастыруға болады. Ол үшін үлкен дайындық жұмысы қажет. Халықтың үлесі қажет. Меніңше, әрбір қазақстандық шамасы келгенше осы шараны насихаттап, сырттан қонақтар, туристер шақыруға өз үлесін тигізсе, одан бәріміз ұтамыз. Ғаламтор арқылы, әлеуметтік желілер арқылы дегенім ғой. Мысалы, біз жұмыс істейтін «Агромаш Холдинг» АҚ шет елдермен байланысы бар компания ретінде, шетелдік әріптестерімізге, таныстарымызға сөз ете жүреміз. Әйтеуір, жеке тұлға ретінде де, кәсіпорындар ретінде де жан-жақты үлес қоссақ, одан ешкім ұтылмайды, қайта ұтады деп сенем. Жас маман ретінде арнайы осы шараға қатысты жобалар мен өндірістерде қаржылық өнімдер мен құралдар жасақтау арқылы жақсы бизнес идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік туады дей аламын.
Қазақстан 1997 жылдан бастап Халықаралық көрмелер бюросына мүше ел болып табылады және ЕХРО көрмелеріне 2005 жылдан бастап қатысып келеді. Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесінің басты ұраны – «Болашақтың энергиясы». Бүгінде бұл барлық саналы адамзатты толғандырып отырған мәселе. Жерді мекендейтін жеті миллиард адамның күннен-күнге өсіп бара жатқанын, энергетикалық сұранысын қанағаттандыру өзекті проблемаға айналып барады. Мамандардың пікірінше, қазір көмірсутегі шикізатына балама ретінде қолданып отырған биоотын, жел және күн қызуынан алынатын әлемдегі энергия қуатыың үлесі әлі де аз. Астана қаласы ЭКСПО 2017 халықаралық көрмесін өткізу орталығы құқығына ие болуына байланысты бұл идеялар елордамызда ерекше енпінмен жанданатын болады.
Әлеуметтік эмпирикалық зерттеу орталығының мәліметі ЭКСПО-2017 көрмесінің барлығымыздың ортақ Отанымыздың өсіп-өркендеуіне бірлесе үлес қосуымызға жол ашып бергенін көрсетеді. Сұрақтарға жауап берген барлық ұлт өкілдері де ынтымақ арқылы ғана бастамаларға кірісуге болады дейді.
Иә, сырт елдер Қазақстанды ауызбіршілігі мол, ынтымағы жарасқан халық деп біледі. Осы бірліктің арқасында еліміз дамып келеді. Тұғырлы татулықтың аясында Қазақстан күллі әлем қызыға қарайтын дәулетті мемлекетке айналады.