«Амансың ба, достым?!»
Ана сүті арқылы бойға дарыған тіл ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Алайда ол байланыс құралы ғана емес, тарихымыздың ажырамас бөлігі, діліміздің тірегі, мәдениет пен әдебиеттің биік тұғыры. Рудный тілді кеңінен насихаттап, халық санасын серпілтуді мақсат ететін «Амансың ба, достым!» атты тілдер фестивалі өтті. Аясы кеңіп, алар асуын айқындаған игі шара биыл 4-рет ұйымдастырылуда.
Бұл күні рудныйлық оқушылар мен жастар сарайының іші жанға толды. Көздің жауын алар түрлі ұлттық киімдер мен фойеде орын тепкен қолөнер туындыларының көрмесі жиналған жұртты нағыз мерекелік көңіл күйге бөледі. Биылғы шараның әдеттегіден басты ерекшелігі – мұнда ән, би, салт-дәстүрлермен қатар командалар сахнада қазақ, орыс, өзбек, монғол, татар, әзірбайжан, украин, армян халқының үйлену рәсімдерін көрермен назарына ұсынды.
-Біздің басты мақсатымыз – елімізді мекен еткен халықтың мәдениеті мен тілін дәріптеу арқылы, жастардың туған өлкеге деген сүйіспеншілігін арттыру. Рудный қалалық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен ұйымдастырылып отырған бүгінгі фестивальге Қостанайлық білім ордалары да белсенді қатысуда, – дейді «ҚР Тәжірибедегі психологтар қауымдастығының» мүшесі Юлия Калужная.
Кеншілер шаһарын думанға бөлеген фестивальді жұрт жылы қарсы алды. Сахна төріне көтерілген әрбір командаға шапалақ соғып, қолдап отырды. Береке басы – бірлікте. Мереке қорытындысы бойынша ешқандай командаға орын тағайындалған жоқ. Оларға, керісінше, номинациялар беріліп, бағалы сыйлықтармен марапатталып жатты.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ