Татулықты ту еткен шара
Біздің байтақ, дербес мемлекетімізде жүзден астам түрлі ұлт өкілдері айрандай ұйып, татулықпен тіршілік кешуде. Биыл – Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл. Осынау айтулы күннің құрметіне арналып, аудандық мәдениет үйінде өткен шара татулық пен бірліктің бір көрінісін көрсетті.
"Салт-дәстүр, құндылық және жастар" сынды тақырыппен ұрандаған ұлағатты шараға бас-аяғы өңірдің сегіз мектебінен үміткерлер қатысты. Әр білім ошағы бір-бір ұлттың ұйысқан бірлігін, тұщымды тірлігін, ата-бабасынан бері қалыптасқан салт-дәстүрін, өнері мен мәдениетін, рухани құндылықтарын құнттап, қысқаша көрініс ретінде көрсетіп берді. Мәселен, қонақжай, бауырмал қазақ ұлтын Сарыкөл мен Соналы орта мектептері, орыс халқын Тәгіл орта мектебі, ал кәрістерді Крылов орта мектебі, сондай-ақ, сығанды Барвинов орта мектебі, молдавандықтарды №1 Урицк орта мектебі, немісті Краснадон орта мектебі, ал Весело-Подол мектебі белорус болып, еңсесі биік егеменді елімізде тұрып жатқан дәл осындай ұлт өкілдерінің ұлттық тағамын, салт-дәстүрін, өнері мен мәдениетін паш етті.
Байқау барлығы үш кезең бойынша өрбіді. Қатысушылар тек қатысып қоймай, өздеріне жүктелген тапсырманы тыңғылықты орындап, өз өнерлерін ұйымшылдықпен ортаға салуға тырысып-бақты. Сөйтіп, олар төрде отырып, төрелік айтқан төралқалардың көңілінен шығып, зор бағасына ие болды.
-Көрермендердің кішкене аздау келгені болмаса, бүгінгі байқау өте әсерлі өтті. Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында өтіп жатқан сайысқа бәрі тыңғылықты дайындықпен келген. Бірақ, байқаудың аты – байқау! Сондықтан, біреу ұтады, біреуі ұтылады.
Маған ұнағаны, қазақ ұлтының перезентациясы шағын спектакль секілді өтті- деп ой түйді қазылар алқасының төрайымы Елена Бауэр.
Мінеки, қазылардың шешімімен қызықты әрі тартысқа толы өткен байқауда бас жүлдені қазақ ұлтын дәріптеген Сарыкөл орта мектебі бағындырды. Сондай-ақ, тәгілдіктер "Ең үздік тағам", краснодондықтар "Ең үздік костюм", Крыловкадан келгендер "Ең үздік ұлттық би", барвиндіктер болса "Ең үздік ұлттық презентация", Весело-Подол мектебі "Алтын дауыс", №1 Урицк орта мектебі "Шеберліктері үшін" атанып, ал Соналыдан жалғыз өзі қатысқан Анар Кенжегаринова "Әртістік шеберлігі үшін" номинацияларына ие болысты.
Осы шарапатты шараны ұйымдастырушылар тарапынан барлық қатысушыларға мақтау қағаздары мен арнайы сый-сыяпаттар табысталды.
Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы.