ОЛСТООРННЫҢ ОЗЫҚ ТЕХНОЛОГИЯСЫ Әйгілі «Данон» компаниясының білікті маманы кәсіпорынды жандандырмақ
Рудный қаласындағы «Лидер-2010» ЖШС қарасты сүт зауытына Голландиядан арнайы кеңесші келді. Кейс Олстоорн мырза микробиология ғылымдарының докторы. Сүт өндеу саласында 40 жылдық тәжірибиесі бар маман. Ол осыған дейін әйгілі «Данон» компаниясында жұмыс жасаған. Кеңесшінің келуі «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының аясында жүзеге асып отыр.
Мемлекеттің қолдауымен «Лидер-2010» компаниясы заманауи құрылғылармен жабдықталған жаңа зауытты іске қосқан болатын. Орталықта әр ауысымда 20 тонна өнім өндіріледі. Сүт, айран, қаймақ, май, ірімшік пен «Тан» сусыны да осы зауытта жасалады. Кәсіпорын басшысы Владимир Ширяев білікті маманның шақыртылу мақсатын айта кетті.
-Компанияның жұмысы баяулап қалды. Жаңа өнім түрлері болмай, аз дүниемен ғана шектелдік. Оның үстіне, сақтау мерзімі де аз болды. Тіпті, кейбіреуі 5 күнге ғана жарамды еді. Сол тауарларды алыс аймақтарға тасымалдай алмадық. Жаңа зауыттың іске қосылуымен өнімдер арта түсті. Сүт коктейлі мен йогурттар сатылымға шыға бастады. Алайда, компанияның стратегиясы өзгермейді. Іштегі нарықты толық қамтамасыз етіп, Ресейге де тауарларды экспорттайтын боламыз. Өндіріске заманауи әдістерді барынша сіңіру қажет. Олстоорн мырза біздің жобамызды жүзеге асыруға көмек көрсететін болады.
Шетелдік маман аталмыш зауытта екі апта жұмыс атқарды. Осы уақыт ішінде өз білімімен бөлісіп, түрлі қоспалар енгізіп, автоматты түрде жұмыс істейтін техникалардың жұмыс тәртібін алмастырды.
-Рудныйдағы зауыттың кейбір өнімдері маған белгісіз. Айраны мен кептіріліген ірімшігін, «Тан» сусынын микробиолог ғалым ретінде жоғары бағалаймын. Олардың құрамында ешқандай химиялық қоспалар жоқ. Иісі мен түрі және дәмі де ерекше. Мен еуропалықтарға қолдануға кеңес беремін. Кәсіпорын жаңа құрылғылармен қамтамасыз етілген. Жұмысшылардың барлығы еңбекқор, әрі елгезек,-деп өз бағасын берді голландиялық маман.
Кенже ҚОНЫСБАЙ