Қасым Тоғызақов – “Көктем”
Қасым Сәрсенұлы Тоғызақов – ақын, аудармашы (1910-1984 жж.). Қазіргі Қостанай облысы Меңдіқара ауданында дүниеге келген. 1926 – 1930 жылы Қостанай педагогикалық техникумында, 1930 – 1933 жылы Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербург) А.И. Герцен атындындағы педагогикалық интернатта оқыған. 1934-1936 жылы Қазақстан Жазушылар одағында бөлім меңгерушісі, Ж.Жабаевтың әдеби хатшысы болып жұмыс істеген. Қасым Сәрсенұлы Тоғызақов әдеби қызметін 1927 жылы бастаған. Өлең, очерк, фельетондары мерзімді баспасөзде жарияланып тұрған. 30-шы жылдардың аяқ кезінде "Жедел қарт" атты фельетондар жинағы жарық көрген. Өлеңмен жазылған "Сібір Омар" романы (1-бөлім, 1958, 2-бөлім, 1967 ) жарияланды. Таңдамалы поэмалар мен аудармалары "Айдауық" деген атпен жеке кітап болып басылды (1971). Ол орыс каламгерлері A.С. Пушкиннің "Бақшасарай фонтаны", М.Лермонтовтың "Демон", "Мцыри", "Хажы Әбірек", "Саша", "Ақын өлімі", А.Некрасовтың "Орыс әйелдері", Н.Гогольдің "Үйлену", А.Чеховтың "Шағала", А.Толстойдың "Алтын кілт", т.б. шығармаларын, B.Маяковский, Д.Бедный, С.Стальский, В.Лебедев-Кумач, А.Твардовский, Я.Купаланың бірқатар өлеңдері мен дастандарын, "Ленин Октябрьде", "Ленин 1918 жылы", "Яков Свердлов", т.б. кинофильмдерінің сценарийлерін қазақ тіліне аударған.
Бүгін назарларыңызға "Көктем" атты өлеңін ұсынамыз. Алдағы уақытта да ақынның басқа өлеңдері жарияланатын болады.