«Нұрлы жол» игі қадамдарға бастайды
Бүгін Қостанайға «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның президенті Асқар Мамин жұмыс сапарымен келді. Мәртебелі мейман әуежай, теміржол бекеті, үлкен көпір тәрізді бірқатар транспорттық – инфрақұрылымды нысандарды аралап көрді.
-Қостанай-еліміздегі ең ірі экономикалық өңірлердің бірі. Сондықтан облыстың дамуына Елбасының өзі ерекше мән беріп отыр,-деп атап көрсетті Асқар Мамин- Мәселен, астықты өңірде өткен жылы ғана пайдалануға берілген Арқалық-Шұбаркөл теміржол дәлізі шағын шаһарды транзиттік қалаға айналдырды. Соңғы бес жылдың ішінде еліміздің жол –транспорт саласының дамуына 160 млрд.теңге қаржы бөлінді. Қостанай облысының өзінде сегіз вокзал салынды. Биыл Лисаков қаласында теміржол бекеті ел игілігіне айналса, енді Қостанай вокзалына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ облыс әкімідігімен бірлесіп бірқатар жобаларды жүзеге асырып жатыр. Соның ішінде Қостанайдың бас қақпасы саналатын теміржол бекетінің жөндеу жұмыстарына қазынадан 240 млн.теңге бөлінген. Құрылыс келесі жылдың алғашқы тоқсанында аяқталмақ.
Асқар Мамин Қостанай-Затобол арасын жалғап жатқан үлкен көпірдің құрылысымен танысты. Оны күрделі жөндеуден өткізу үшін республикалық бюджет 2,976 млн.теңге бөліп отыр. Соның 670 млн.теңгесі үстіміздегі жылы толық игерілмек. Бас мердігер- алматылық «А.Рязанов атындағы №25-ші көпір құрылысын салу отряды» нысанды келесі жылы тапсырамақ ниетте. Күніне он үш мың көлік өтетін үлкен көпір алты жолақты етіліп ұлғайтылады. Биыл оның инфрақұрылымы толығымен жаңартылады. Қысқа қара көпір жабылғанда көлік қатынасы КСК және КЖБИ шағын аудандарындағы көпірлер арқылы жүзеге асатын болады.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті А.Мамин бұдан соң сала мамандарының басын қосып, жиын өткізді. Онда өңірдің жол-транспорттық саласына қатысты бірқатар мәселелер талқыланды. Жиында сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов өңірдегі жол құрылысының ахуалын кеңірек баяндап, басталған жобаларды орта жолда тоқтатпау үшін республикалық бюджеттен тиісті қаржы бөлгізуді сұрады.
Жиынды облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жүргізіп отырды. Ол өз кезегінде астықты өңірде жүзеге асып жатқан жобалардың бәрі белгіленген мерзімде аяқталатындығын айтты.
Айбек КӘДІРҰЛЫ