Әкімдік қызметкерлері белсенді
Былтырғы жылғы оқиғаны еске алайық. Қостанай қаласының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өзі бас болып, сенбілікке қатысты. Айта кету керек, бұл шара нағыз еңбек мерекесіне айналды. Игі істің биыл да жалғасын тапқанын естіп, біліп жүрміз.
Жалпы қалалық сенбілікке қала әкімдігінің ұжымы белсенділікпен қатысты. Бастаманың қарқын алуына әкімдіктің қыз-жігіттері үнемі үлес қосады. Бұл жолы да солардың ықпалы үлкен болды. – Мен қол еңбегін сүйетіндерге тәнтімін. Сенбілікке шыққан әріптестерімнің қимылы ширақ, – дейді қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы Самат Жанділдин. Жастар орталық аллеяда ғана емес, басқа учаскелерге барды. Тіпті, ағаш отырғызуға араласты. Қаладағы сайларды қоқыстардан тазартты. Сенбіліктен аға буын ұрпақтары шет қалмады. Қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері-мен қоса, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері де пысықтығымен танылды. Олар өздеріне бекітілген аулаларды тазартты. Сонымен қатар, Кеңес Одағының Батыры Александр Парадович атындағы саябақты қалпына келтірді. Газетіміздің жанашыры Беген ағамыз да көпшілікпен бірге жүрді. Қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Беген Көпешов бүкілхалықтық шараның мәні артқанына дән риза. – Жалпылай алғанда, облыс орталығының тазалығын сақтауға коммуналдық шаруашылық саласының күші жетпейтіні анық. Сол себептен, тұрғындардың қолұшын бергені дұрыс, – деді Беген Көпешов. Аталған акцияға қатысуға мектеп оқушылары, жоғары және орта оқу орындарының сту-денттері ынта білдірді. Олар аға буыннан қалыспай, жұмыс істеді. Қаланың тазалығына кәсіп-орындар мен ұйымдар да жауапты. "КТЭК", "Солнечный", Большевичка серіктестіктері, Әл-Фараби, Абай даңғылдарын, Бородин, Леонид Беда көшелерін қоқыстардан арылтты. Бұл ұжымдар қар ерісімен көшелерді батпақтан тазартуға кіріседі. Бордюрлерді ағартып, әктейді. Жаз айларында да алған міндеттемеге сай істермен айналысады. Қала әкімдігінің қызметкерлері Тобыл өзені жағажайын тазартты. Өткен жылдағыдай Әбіл сай, Тауын сай , Қостанай сайының жағалауларындағы түрлі күл-қоқыстарды сыртқа тасымалдады.
Ермекбай ХАСЕНОВ