Құтырған бұлан тракторға шабуылдады
Кездейсоқ оқиға Қарабалық ауданының Славенка ауылынан төрт шақырым жерде болған. Аналық бұлан әуелі қозғалыс барысындағы тракторға, кейін аңшылар көлігіне шабуыл жасапты. Жапа шеккендер жоқ. Тек аң атып өлтірілді.
Куәгерлер хайуанды құтырған дейді. Сілекей шашып, тілі салақтап, басқыншылық әрекет жасауы – соны аңғартқанын айтып отыр. Мұны кейін мал дәрігерлері де мақұлдады. Нақтылы диагнозы мен жұқпалы әлде қауіпсіз екендігі бір айдан кейін анықталмақ. Патологиялық материал облыстық мал дәрігерлік зертханаға жіберілді. Ал бұлан оқиға орнында өртеліп, ұшасы жерге көмілді.
Осы оқиғаның ізінше, мал шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, жеке шаруа қожалығында екі бұзау ұқсас ауруға шалдығыпты. Құтырма кеселіне келетін белгілер байқалған: әлжуаздық, қимыл-қозғалыстың бақылаусыздығы мен тепе-теңсіздік, басқыншылдық мінез-құлық. Екі тәуліктесін екеуі де өліпті. Олардың да өлекселері өртеліп, көміліп, паталогиялық материалдар тағы облыстық мал дәрігерлік зертханаға жолданды.
Қазіргі таңда Славен ауылында алдын ала емдеу шаралары жүргізілуде: мал біткен егіліп жатыр. Мамандар жергілікті жұртқа кесел қылаң берген жағдайда дереу түрде селолық мал дәрігерлеріне жүгінуді ескертеді. «Зауалдың етек алмауына әрқайсысымыз жауапкершілікпен қарайық» дейді олар.
Жандос Жүсіпбек