Ортақ іс
2014 жылдың 29-шы мамыры еліміздің тарихында алтын әріптермен жазылуға тиіс. Өйткені, бұл күні Қазақстан, Беларусь және Ресейдің Евразиялық экономикалық одақ құрып, ынтымақ ырысына бет бұрды. Қарапайым халық үшін бұл құрылған Одақ бізге не береді деген сұраққа жауап біреу – тең тұрғыда қалыптасқан бірлестік, үш елдің 170 миллион халқының әл-ауқатының жақсаруына және осы мемлекеттердің онан әрі өркендеуіне жүйелі түрде жағдай туғызады.
Президенттер атап өткендей, құрылған халықаралық ұйым Кеңес үкіметін қайта қалпына келтіру мақсатында жасалып жатқан жұмыс емес, тек тең дәрежедегі экономикалық интеграциялау үрдісі және қол қойылған шартта ешқандай саяси мағына – мемлекеттердің ішкі ісіне араласуына және егемендігіне нұқсан келтіретін баптар жоқ. "Береке басы – бірлікте" деп дана халқымыз айтқандай, Елбасымыз осыдан жиырма жыл бұрын Мәскеудің мемлекеттік университетінде оқыған дәрісінде көтерген идеясының жүзеге асқанына бүкіл қазақстандықтармен қатар біздің Ы.Алтынсарин атындағы АрМПИ ғылыми-оқытушылар құрамы мен студенттері де қуанышты. Евразиялық одаққа кіруге Армения мен Қырғыз елінің ынтазарлықпен қадам жасауы және 40-тан астам мемлекеттердің экономикалық қарым-қатынас жасауына жаңа мүмкіндіктердің тууы үшін ЕАЭО болашағының зор екендігін дәлелдейді. Ал,бүгінгі таңда үш мемлекеттің ортақ нарығы еліміздің экономикасының одан әрі ілгері-леуіне жол ашары даусыз. Ал,егемендікті сан жылдар бойы көксеген Қазақ елі үшін көршілермен тату-тәтті өмір сүру және олармен экономикалық тұрғыда қарым-қатынаста болу өте маңызды. Сондықтан Елбасымыздың сындарлы саясатын отандастарымыздың толық қуаттап және еліміздің дәуірлеп дамуына өз үлестерін қосатынына күмән жоқ. Ортақ игілік – болашақтың жарқын жолы.
Қонысбай АҒУАНОВ,
Ы.Алтынсарин атындағы АрМПИ ректорының кеңесшісі. Арқалық қаласы.