Зор мүмкіндіктерге жол ашады
Күні кешегі болған тарихи жағдай үш елдің – Ресей, Қазақстан және Белоруссияның интеграциялық одағы тек экономикалық жағынан ғана емес, ғылыми даму жағынан да өз нәтижесін береді деп ойлаймын. Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасының тарихы тереңде екенін жақсы білеміз.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл тың бастамашыл идеясы қазіргі аласапыран уақыттағы ең қолайлы әрі өз нәтижесін көрсететін шешім. Өткен тарихқа көз жүгіртер болсақ, ХІХ ғасырдың өзінде-ақ, Франция мен Монако, Лихтенштейн мен Швейцария елдері арасында осындай ынтымақты келісімдер болып, олар ең әуелі экономикалық құрылымды арттыру арқылы ғылымда да тамаша жетістіктерге жетті. Өз елдерінің көмескі тарихы мен әдебиеттерін қайта қарап, бірлесе ғылымды дамытуға зор үлес қосты. Ал, қазір ше?! Қазір олар сол кездегі мүмкіндіктерінің арқасында тамаша дамыған елдердің қатарынан орын алып тұр. Біз де сол жайтты үш елдің тиімділігі үшін қайталап отырмыз. Оның нәтижесі де қазір көңіл қуантады. Бірақ қазақ қоғамында бұл күні неше түрлі алып-қашпа пікірлер көп-ақ. "Еліміздің экономикалық көрсеткіші бәсеңдеп қалмас па екен?.. Ғылыми инновациямыздың тағдыры не болмақ?" деп көбісінің ойы күман мен күдікке толы. Меніңше, бұл жағдайда Қазақстан ұтпаса, ұтылмайды. Үкімет басындағы экономикалық болжам жасаушылар үш елдің нарығындағы қазіргі көрініспен әбден салыстырмалы сараптама жасап, қорытындыға келіп, содан кейін ғана келісімге барады емес пе?! Сондықтан да бұл жағынан Елбасымыздың қателесіп қалуы мүмкін деген ой айтудан аулақпын әрі бір-біріміздің мүддемізді қазіргі әлемдік бәсекеде тек осындай ынтымақты жобалар арқылы қорғап қалуымыз керек.
Күлзада МЫРЗАҒАЛИЕВА,
Филология ғылымдарының кандидаты, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының доценті.