Әлімхан МЫРЗАХАН: “Үздік он театр қатарындамыз”

Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театры карантин "антрактісінен" кейін қайта жұмысқа кірісті. Ә дегеннен көрермендерін тың туындыларымен қуантуда. Ұжымның жаңалықтары мен алға құрып отырған жоспарлары туралы білу үшін театр директоры Әлімхан Мырзаханды әңгімеге тарттық.
– Сахна адамы үшін көрермендерден көп уақыт көз жазу оңай тимеген шығар, бірақ, бір жағынан,  біраз дүниені пысықтап алуға мүмкіндік те болғаны рас. Жұмысқа қандай леппен кірістіңіздер? Әлі де белгілі деңгейдегі шектеулер бар болар…
– Облыста індеттің таралу пайызы төмендегеннен кейін театр жұмысына рұқсат берілді. Оның үстіне облыс әкімдігі, мәдениет басқармасы да біздің жағдайымызды түсініп отырған болар. Тіпті көрермендер тарапынан әлеуметтік желілер және телефон арқылы "театр қашан ашылады?" деген сауалдар көбейіп кетіп еді. Міне, көрермендермен сағыныса қауышқанымызға қуаныштымыз. Келушілер санын 20 пайыздан асырмау талабы қойылса да, осының өзіне тәубә. Әйтпесе, біздің әртістер де әбден зерігіп кетті, көрермен алдына шықпағаннан кейін оларға да қиын. 5 жаңа спектакль дайындадық, оны көрсетер көрермен жоқ. "Темірді қызған кезінде соққаннан" артық не бар, шіркін? Жақсы-жақсы режиссерлер жұмыс істеді. Жалғыз тежеу жалпыға ортақ карантин болды. Кейбір эпидемиялық ахуалы жақсарған өңірлердің театрларына қызыға қарап отырдық. Бірақ, құдайға шүкір, ақпанның 19-нан бастап біз де ашылдық. Театрға қайта жан бітті, тамырына қан бітті. Аптасына төртеу-бесеуден спектакль қойып жатырмыз. Көрермен де сағынып қалыпты. Билетті 20 пайыз көрерменге шақтап сатқанның өзінде таусылып қалып жатыр. Әттең, есікті айқара ашып жібергің-ақ келеді, бірақ тәріпке бағыну шарт, сақтық керек. Бұл өткелден де өте шығар кез алыста емес деп үміттенемін.
– Үзілістен кейінгі серпіндеріңізге қарағанда, жаңалықтарыңыз аз болмайтын сыңайлы. Наурыз айының алғашқы онкүндігінде бірнеше жаңа қойылымның тұсауын кестіңіздер. Мәселен, таяу күндері ғана "Өтелмеген парыз" туындысының премьерасы өтті. Әйгілі жазушы Төлен Әбдіктің осы шығармасын таңдаудағы себеп не? Жалпы, осы қойылым төңірегінде мәлімет берсеңіз…
– Төлен ағамыздың жерлесіміз екенін білесіздер. Олқы шығармасы жоқ керемет жазушы. Ол кісінің туындысын сахналау зор жауапкершілік дер едім. Мінекей, біздің жаңа режиссер Батырбек Шәмбетов қызметке келе салып, алып қаламгердің аталмыш туындысын қолға алғаны қуантты. Батысқа жүгірмей, алыстан арбаламай немесе жеңіл-желпі комедияға иек артпай, Төлен ағамыздың шығармасына кірісті де кетті. Жалпы, мұның әдебиеттегі атауы "Қыз Бәтіш пен ер Сейіт" қой. Бірақ "Қазақфильмнің" осы шығарма желісімен түсірген кинотуындысы "Өтелмеген парыз" деп аталды. Оны білмейтін көрермен кемде-кем шығар. Сондықтан біз әуел баста қойылымға басқа атау іздеп көрдік, бірақ фильмге таңдалған атау шығарма мазмұнына сай өте дәл табылған екен. Сол себептен ойласа келе, кинодағы атауын өзгертпей-ақ қоюға шешім қабылдадық. Премера 6-7 наурыз күндері көпшілікке жол тартты. Спектакль өте керемет қойылды, көрермендер лайық бағасын беріп жатыр. Біздің қоржынымызды толықтырған тамаша туындының біріне айналғаны сөзсіз…
Айтпақшы, осы қойылым даярланып жатқан кезде басқарма басшысы Төлен ағайды арнайы алдыртсақ деп ұсыныс айтып, қолқа салды. Бұл шынымен де театр үшін тарихи оқиға болар еді. Бірақ біз хабарласқанымызда ол кісі келе алмайтынын айтты. Сырқаттанып жүр екен, оның үстіне қазіргі індет кезінде де сақтық керек екенін айтты. Бастысы, ағамыз тез сауығып кетсін деп тілейміз. Ал, жалпылай айтқанда, премьерамыз ойдағыдай өтті. Мұның алдында "Сыған серенадасы",одан кейін Чехов әңгімелері негізінде "Кішкентай адамның үлкен трагедиясы" спектаклі сахнаға шыққанын айта кетейік. -Алдағы уақыттарда бұдан бөлек қандай жаңа қойылымдармен көрермен қауымды қуанта аласыздар? Сондай-ақ, жалпы, театр қабырғасында қандай елеулі жобалар жүзеге аспақ?
– Келесі айда, я болмаса осы наурыздың аяғында Қалихан Ысқақтың "Қазақтар" спектаклін қойғалы отырмыз. Ол Тәуелсіздіктің 30 жылығына арналады. Қазір қызу дайындық үстіндеміз. Сондай-ақ, тағы бір жақсы жаңалығымыз бар – мамыр айында Түркияға барамыз деп ниеттеніп отырмыз. Түркі халықтарының фестивалі өткелі жатыр. Біз бұл ауқымды шараға Төлен ағамыздың "Өтелмеген парыз" туындысын алып бармақпыз. Қазақ қаламгерінің ғаламат туындысымен тамырлас ұлттарды тамсантып қайтамыз деген үмітіміз бар. Жалпы, бұл қойылым фестивальдің бүкіл талаптарына сай келіп тұр. Яғни, талап бойынша, адам саны 15-20-дан аспауы тиіс. Осы шарттың үдесінен шығатын болып отырмыз. Мұның сыртында, театр қабырғасында басқа да жобалар жүзеге асуда. Айталық, 8 наурыз аналар мейрамына орай сый-тарту ретінде мерекелік қойылымдар қойдық. Облыс әкімдігінің тапсырмасымен түрлі идеялар іске асқалы жатыр. Облыс әкімінің жаңадан келген орынбасары Бақыт Есімова өте креативті кісі екен. Театр өнеріне жанашырлығыны көрсетуде. Бір жақсы жері, қандай да бір ұсыныс-тілегіміз болса, кез келген уақытта қоңырау соға саламыз, қолдай кетуге ол кісі де дайын тұрады. Бұрынғы кісілердің қандай болғанында шаруам жоқ, бірақ осы кісі өте ыңғайлы болып тұр. Бірдеңе тапсырсақ, өтініш айтсақ, "идея сізден, қолдау бізден" деп тұрады. Бізге керегі де сол ғой, Жандос. Спектакль көруге де ендігі 2-3 рет келіп кетті. Мұны ол кісіні бостан-бос мақтайын деп айтып отырғаным жоқ. Бір мысал келтірейін, таяуда аналар мейрамына орай "аналар әнін айтайықшы" деп ұсыныс жолдадық. Мақұлданды. Содан келіп филармония, театр және волонтерлар тізе біріктіріп, шаруаға кірістік те кеттік. Түсірілім болды. Қаладағы бір мектепке барып, мұғалімдерге арнап ән айттық. Ол, міне, бүкіл әлеуметтік желілерге жүктеліп, жергілікті телеарналардан көрсетілуде. Екіншіден, бізге жүктелген тағы бір тапсырма "Сөйле, таймс" жобасы болды. Біз, өзі, басқа жерде басқа әңгіме айтқанымызбен, қазақша сөйлегісі келетін қандастар, өзге ұлт өкілдері талпынып көрсе, көкірегінен итеріп, алшақтатамыз. Ал, негізінде, ондай жандардың талабын ұштап, қабілетін шыңдау керек емес пе. Осы бір жоба да әкім орынбасарының идеясынан туындады. Жоба мазмұны мынада: айына немесе екі айда бір рет 15 шақты талапкерді жинаймыз, оның ішінде өзге ұлт өкілдері де, өзіміздің орыстілді қазақтар да болады. Өнерпаздар бірігіп, оларға мемлекеттік тілді театрда ма, әлде филармонияда ма, мәдени жолмен үйретеміз. Мәселен, театрда спектакльден рөл беріп, әріптес болып, кішігірім қойылымға қатыстыру арқылы дағдысын қалыптастыруды көздейміз. Ұлттық ойындар ойнатып, әжейлердің қатысуымен бесік жырын айтқызып дегендей, өзге де ұлттық нақышқа еліктіріп, қазақ тіліне икемдету – осы жобаның негізгі мақсаты мен міндеті. Мұның сыртында, 22 наурызда филармония және "Қостанай" телеарнасымен бірлесіп, мерекелік түсірілім жасаудамыз. Межемен 1,5 сағаттық жоба болады. Ал  театр ұжымы 20, 21, 22 наурыз күндері таңертең балаларға ертеңгілік әзірлейді, яғни кішкентай көрермендер назарына "Мақта қыз" ертегісін ұсынамыз. Ал кешкісін жылдағы дәстүрмен "Бастаңғы" думаны басталады. Ол жерде де тамсандырар талай қызық болады деп сендіргіміз келеді.
– Театр әртістері басқа сахналарда өнер көрсетуге, шеберлік шыңдап, тәжірибе толықтыру үшін тыс өңірлерге қаншалықты жиі шығып тұрады?
-Былтыр ондай тәжірибе болған. Мені астанаға шақыртып, Ш.Айтматовтың "Жанпидасында" ойнап келгенім бар. Бару-келу шығынын, гонорарын төледі. Мұндай үрдіс болып тұрады, облыстардан, басқа қалалардан актер шақырту деген бар. Әсіресе, ол шетелде, айталық, Ресейде бұрыннан қалыптасқан, дамып кеткен тәжірибе. Жалпы, біз дарынды әртістерімізді де, талантты режиссерлерімізді де жан-жаққа жұмсауға қашанда дайынбыз. Өзге облыстарға болашақта жол түсе жатар, әзірге өз өңіріміздің шалғайындағы Арқалық, Амангелді, Торғайға мамандарымызды жіберудеміз. Өйткені ол жақтарда қойылым қоярға кәсіби режиссер жоқ. Сондықтан осындай рухани демеу көрсетіп жатырмыз. Оған облыстық халық шығармашылығы орталығы қолдау-демеу жасауда.
– Директор болып келгеніңізге бір жылдың айналасы ғана. Сұрайын дегенім – сіз келгелі қандай өзгерістер болды? Қандай жаңалықтар алып келдім дей аласыз?
-Шынын айтайын, әзірге ештеңе дей алмаймын. "Семіз сөйлеп, арық шыққым" келмейді. Әуелі азды-көпті еңбегімді сіңіріп алайын, өндіртіп біраз шаруа істеуге талпынайық, содан кейін ғана бірдеңе деуге болатын шығар. Әйтпесе, бір жыл ішінде ештеңе істеп үлгерген жоқпын. Оның үстіне карантин кедергі жасады. Дей тұрғанмен, ауызды қу шөппен сүртуге де болмас, "ақырын жүріп, анық басудамыз", әйтеуір елдің артында, көштің соңында емеспіз. Керек десең, көш алдында келе жатырмыз деп нық сеніммен айтар едім. Біз жақында ғана Сыншылар одағының шешімімен Қазақстандағы театрлардың үздік ондығына кірдік. Нақтырақ айтқанда, онлайн режимінде жемісті жұмыс істегеніміз үшін осындай дәрежеге жетіп отырмыз. Сондай-ақ, елдің үздік он спектаклінің "Балалар ертегісі" аталымы бойынша 3-сатысында келе жатырмыз. Бұл да театр ұжымының зор жетістігі. Өткен жылы онлайн түрде өткен "Абай оқулары" байқауында әріптесіміз Қуаныш Маратұлы бас жүлде жеңіп алды. Мұны да ұжым қоржынына түскен олқы олжа дей алмаймыз. Жалпы, қазіргі заман бізге онлайн жұмыс істеуді әбден үйретті, кәдімгідей машықтанып алдық. Сондықтан технологиялық тұрғыда пандемия бізге де тосқауыл болып жатқан жоқ.
-Демек, карантин кезінде де тоқтаусыз жұмыс істедіңіздер ғой?
– Тоқтаған жоқпыз. Әртістеріміз шығармашылығын үздіксіз шыңдады, дайындықты үзбеді. Қызметкерлердің айлығы да кідірген жоқ. Бәрін өз уақытында беріп отырдық.
– Ел көлеміндегі басқа театрлармен шығармашылық, әріптестік қарым-қатынас орнату бағытында қандай жоспарларыңыз бар?
– …Біз Қызылжармен жақсы бір келісім жасасып отырмыз. Бұйыртса, қызылжарлық әртістер бізге келіп, біз оларға барайын деп отырмыз. Олар Қостанайда 1-2 қойылымын қояды, біз де сөйтпекпіз. Өткен жолы директорымен сөйлесіп, біраз жайды пысықтадық . Негізі, "Көрші театр" деген секілді жоба ашу керек болып тұр. Өйткені ортадағы шығармашылық байланыс үзіліп қалды. Соны жандандырып, барыс-келісті көбейту қажет-ақ. Шығармашылық қатынас қашанда керек қой. Спорт ойындарынан жолдастық кездесулер өткізіп тұрсақ та артық етпес еді… Мұның сыртында, астанаға барып, Мәмбетов театрымен әріптестік орнату мәселесін қозғадық. Тұрсынбек Қабатовпен кездесіп, өзара келісім жасасып келдім. Егер де біз елордаға барып жатсақ, ЭКСПО кешенінде орналасқан сол театр сахнасында қойылымдарымызды қоя аламыз, ол жер бізге ыңғайыл екен. Сондай-ақ, Алматыға барып, Ғ.Мүсірепов атындағы Жас көрермендер театрының жетекшісі Азамат Сатыбалдымен меморандумға қол қойдық. Келісім-шарт аясында бір-бірімізге актерлер жіберіп, шеберліктерін шыңдап, гримерларымызды біліктілігін жетілдіретін боламыз. Мұнымен қоса, Өнер академиясынан екі маманымыз әрлеуші (гример) мамандығын онлайн оқып шығып,  сертификат алды. Біздің бүкіл жас әртісіміз аталмыш академия профессоры Ордабек Қожамбердивтен бір ай бойы "Сахна тілі" сабағынан онлайн дәріс оқығанын да айта кеткен жөн.
– Таяуда облыс әкімі Архимед Мұхамбетов театрға арнайы барған еді. Осы жайында мәлімет бере кетсеңіз.
-Аймақ басшысы театрымыздың 20 жылдығына байланысты бұған дейін келуі керек болған, бірақ карантиндік шектеулерге байланысты мұның реті түспей, шектеу шаралары босаңсытылғаннан кейін ұжымды құттықтауға келді. Оның өзінде де шараға санаулы ғана, 30-50 аралығында адам қатыстырылды. Облыс әкімі марапаттау рәсімін жүргізді. Атап айтсақ, Мәдениет және спорт министрінің "Мәдениет саласының үздігі" төсбелгісін Гүлнар Құрманғалиқызы және тағы 4 әртісіміз тағынды. Шахарбану Есенқызы Құрмет грамотасымен, 3 актер Алғыс хатпен марапатталды. Ал облыс әкімінің Алғыс хатымен 10 әртіс ардақталды. Кеш соңында Архимед Бегежанұлы тосынсый жасап, театр ұжымына автобустың сертификатын сыйлады.
– Биыл Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығы. Осынау мерейтойдың құрметіне тың туынды сахнаға шығуы мүмкін бе?
-Біздің ұлы ағартушыға арналған "Ыбырай" деп аталатын дайын спектакліміз бар. Бұл – көрермендерден жоғары баға алған көркем туынды. Ал оның үстіне тағы бір қойылым қосудың қандай қажеті бар? Сөздің шыны керек, ысырапқа бармай, шығындалмай, драматургиясы келіскен, кемеліне жеткен қойылымды кез келген уақытта сахнаға алып шықсақ болады емес пе. Әртістер де сақадай сай. Бірақ, қалалық "Мирас" мәдениет үйі және облыстық филармония осы мерейтойға қатысты қандай да бір шараға атсалысуға қолқа салып жатса, қашанда дайынбыз. 
– Былтыр Қостанай сахнасынан жаңашыл туынды көргеніміз есімізде. Абсурд жанрындағы "Годоны күте-күте…" атты күрделі шығарма әртістерді де, зерделі көременді де бір мәрте сынға салған еді. Осындай болмысы бөлек туындылар тағы сахналануы мүмкін бе?
– Мұндай дүниелер кейбір әртістерді, жақсы мағынада, "сындырады", бағытын өзгертеді. Бізде театр тілінде "штамп" деген түсінік бар. Ол "жаттандылық", "бірізділік" деген мағынаға саяды. Бір бағытта ғана өнер көрсетіп, өзіне әбден сіңісті болып қалған образды бұзып шыға алмайтын әртістерге қарата қолданылады. Мысалы, Төлегенді немесе Қозыны ұсынсаң да, Гамлетті берсең де бәрін сол біртекті образбен ойнап шығатын актерлер бар. Демек, абсурдтық жанрдағы туындылар әртістерді басқаша ойлауға, өзгеше ойнауға мәжбүрлейді. Негізі, абсурдты түсіну қиын, бірақ оны сергек санамен қабылдаса, мұқият көрсе, әрине, оның әлдеқайда салмақты дүние екенін аңғаруға болар еді. Жеңіл-желпі дүние болса, Сэмюэл Беккет осы "Годоны күте-күте…" шығармасы үшін "Нобель" сыйлығын алар ма еді? Ендеше, мұндай туындыға неге бой алдырып көрмеске? Түркіменстандық режиссер Мекан Джумабаев осы туындыны сахнаға керемет лайықтап берді. Бір ғажабы, біздің актерлер көз алдымызда өзгерді. Танымай қалдық тіпті.Ал енді болашақта мұндай шығармалардың қойылар-қойылмасын анық білмеймін. Өйткені, шыны керек, менің басшы ретіндегі шаруаларым басқа, көбіне менеджерлік, қойылымды насихаттау, шетелге шығару деген секілді міндеттермен айналысамын. Шығармашылық жағына режиссерлер және көркемдік жетекші жауап береді.
-Індет өршіп, ұнжырғасы түскен ел-жұртқа театр ұжымы рухани дем беруге ұмтылды ма?
– Әрине, қандай қоғамдық жұмыстан да тыс қалмауға тырысамыз. Сөзім дәйекті болу үшін айтайын, "Қайырымдылық марафоны" деген жақсы бір жоба аясында, наурыз айының басында екі күн бойы арнаулы сала мамандарына тегін спектакль қойып бердік. Анығырақ айтқанда, індетпен күресте алғы шепте жүрген дәрігерлер, полицейлер және еріктілерге қолымыздан келген рухани тарту-таралғымызды жасадық. Бұл спектакльдер осынау абзал жандарға халық атынан айтқан алғысымыз еді. Шақыртуымызды қабыл алған олар залдан сайланған орындарды лық толтырды. Бәрі қойылымға дән разы болып тарасты. Оларға естелік ретінде театрдың 20 жылдығына орай шығарылған кітаптарды сыйға тарттық. Осылайша, елге ортақ кез келген мәселеге үнімізді үнемі өнер арқылы қосып, рухани демеуші болып келеміз.
-Әңгімеңізге рахмет! Алда келе жатқан кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймыз!
Сұқбаттасқан Жандос Жүсіпбек

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓