Меже белгілі, мерзім шектеулі
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің жетекшілік етумен кеңейтілген мәжіліс болып өтті. Онда өңірдің қысқа әзірлігі, егін орағының ахуалы туралы маңызды міндеттер сараланды. Алғашқы мәселе бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов баяндама жасады. Ол өз сөзінде өңірдің алдағы жылу маусымына әзірлігі жөнінде кеңірек тоқтала келіп, әзірлік жұмыстарына немқұрайлы қараған аудан,қала басшыларына сын айтты.
-Мәселен, Арқалық қаласының әкімдігі мен «Арқалық ЖЭК» ҚКК-ны жетекшісінің жауапсыз қарауынан жылыту орталығындағы турбоагреагатты жөндеуге бюджеттен қаржы бөлу шарасы созылып барады. Сондықтан, ондағы жөндеу жұмыстары 1 желтоқсанға дейін жалғасуы мүмкін. Бұл – кәсіпорын жылу маусымының алғашқы екі айының өзінде 49,0 млн. теңге көлемінде қосымша шығынға ұшырайды деген сөз.,-деді Ғ.Нұрмұхамбетов.
Тағы бір мәселе, кейбір жекелеген аудандар тұтынған табиғи газ үшін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ алдындағы қарызынан құтылуға асығар емес. Жітіқара ауданы бұл істе ілкімділік танытып, мәселені күні бұрын шешуге талпынса, Қарабалық ауданындағы «Жылу» МКК-ның мойнында әлі 10 млн.теңге ілініп тұр.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасының шеңберінде Қостанайда жүзеге асып жатқан жылу және су құбырларын жаңғырту жұмыстарын жеделдету туралы да тілге тиек етті. Осындай бес ауқымды жобаға 2,1 млрд.теңге қаржы бөлінген.
Халықаралық қаржы ұйымдарымен тығыз байланыс орнату шеңберінде үстіміздегі жылдың сәуір айында облыс әкімі, қалалық әкімдік, «Қостанай ЖЭК» және «Қостанай-Су» кәсіпорыны Еуропа қайта құрылымдау және Даму Банкімен бірлескен келісімге қол қойған болатын. Қазіргі таңда Банк тарапынан иехникалық-экономикалық зерттеу ге эксперттер тартылып жатқан көрінеді.
Бүгінде облыста қысқа барлығы 504,67 мың.тонна көмір қажет болса, соның 442,8 мың.тоннасы тасылып алынған. Бюджеттік мекемелер де жоспарлы жұмыстың 99 процентін еңсерген. Жалпы, Тобыл өңірі тұрғындарының қыстан қысылмасы үшін қажетті қатты отын қоры мейлінше жасақталды. Тек, Арқалық жылу-энергетикалык компаниясы әлі күнге дейін мазут мәселесін түбегейлі шеше алмай отырған сыңайлы. Бұл ретте облыс басшылары ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімовке хат жолдады. Онда Үкімет қорынан Арқалық қаласына 14,1 мың.тонна мазут сатып алу үшін 634,8 млн.теңге бөлгізу мәселесін көтерген. Бүгінгі таңда «ҚазМұнайГаз» -Қайта өңдеу және Маркетинг» АҚ пен арадағы келісімге сәйкес алдын-ала төлемсіз 10 мың.тонна мазут жөнелтілуі тиіс.
Өз кезегінде облыстың жаңа әкімі Архимед Мұхамбетов жылу маусымына жүрдім-бардым қараған қара,аудан басшыларын сынға алды. Сөйтіп, қысқа мерзім ішінде елеулі олқылықтардың орнын толтыруға шақырды.
Айбек КӘДІРҰЛЫ