«Өткеннен сабақ алмаса болмайды»
Архимед Мұхамбетов,облысәкімі: Облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген мәжілісте күзгі жиын-терім мәселесі де жан-жақты сөз болды. Облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Байбосын Мурзиннің мәлімдегеніндей, ауа-райының жайма-шуақ мезгілін өз пайдаларына жаратқан диқандар дала жұмыстарын біраз еңсеріп тастапты. Кейбір жекелеген шаруашылықтар егін орағын аяқтаған.
-Астықты өңірде күні бүгін 2,2 млн.гектар алқаптың астығы және астық тұқымдас дақылдары орылды. Бұл облыс бойынша барлық жұмыстың 55%-ке атқарылғанын көрсетеді,-дейді Б.Мурзин.- 2 млн.142 мың.гектардың астығы бастырылды. Астық шығымдылығы да барған сайын артып келеді. Қазір гектар берекелілігі орташа есепен алғанда 9,5 центнерге тең.
Жанкелдин ауданы егін орағын толық аяқтады. Аманкелді ауданы да мәреге жақындады, олар 89% орындаған. Наурызым ауданында,Қамыстыда – 82%, Әулиекөлде-79%, Денисов ауданында – 77%, Жітіқарада-73% дала жұмыстары еңсеріліпті. Ал солтүстік өңірлерде жағдай сәл басқаша. Мәселен, Қарабалықта 49%, Қарасуда – 47%, Қостанай ауданында – 44%, Алтынсаринде – 40%, Меңдіқарада – 37%, Федоровта – 35%, Сарыкөлде – 30%, Ұзынкөл ауданында бар болғаны 26% егін орылып,бастырылған. Әрине, жаз айларындағы жауын-шашынның шамадан тыс мол түсуі басты кедергі болғанын айтпай кетуге болмас. Дегенмен, барлық жауапкершілік жүгін табиғаттың тосын мінезіне аударып, қол қусырып қарап отыруға болмайды.
Жиында облыс әкімі егін орағы бойынша көш соңында келе жатқан Ұзынкөл ауданы әкімінің уәжін тыңдады.Ол күзгі дала жұмыстарын әрі кеткенде 25-ші қазанға дейін аяқтауға уәде берді.
-Егін орағын аяқтаған аудандар қалғандарына көмектессін. Сөйтіп, уақытты да үнемдей аламыз. Осы мәселенің қаншалықты тиімді екендігін сараптап көріңіздер. Егін орағы біз үшін аса маңызды науқан. Былтырғы жылғы жағдайды өздеріңіз жақсы білесіздер. Сол үшін бәріміз бір кісідей жұмыла кіріскеніміз жөн.Өткеннен сабақ алмаса болмайды,-деді жиында өңір басшысы.
Әлібек ЫБЫРАЙ