Екі адам зардап шекті

Қарабалық ауданында болған дала өртін сөндіру кезінде екі адам күйіп қалды. Олар Қарабалық аудандық ауруханасына жеткізілді. Қазір зардап шеккендердің халі жақсарып келеді, өміріне қауіп жоқ. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Ресеймен шекарадағы Қарабалық ауданындағы дала өрті Челябі облысының Варна ауданы жағынан келген. Тілсіз жау көлденеңінен бір жарым шақырым жерді алып жатты. дала орти
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті Өрт қауіпсіздігін бақылау және алдын алу басқармасының бастығы Алмас Оспанов: «Өрттің неден тұтанғаны әлі белгісіз, анықталып жатыр. Біздің көршілер стихиялық жағдайға ие бола алмаған сыңайлы. Кеше желдің жылдамдығы секундына 20 метр болды. Алайда тұрғындарды көшіру мәселесі қойылған жоқ, өрт Михайловка селосына 5 шақырым қалғанда ауыздықталды»,-деді. Алдын ала болжамдар бойынша, өрттен 1500 гектар жердің ағашы мен шөбі жанып кетті.  Өртті сөндіруге 136 адам қатысты, 12 өрт машинасы, 18 су таситын машина, трактор пайдаланылды. Өрт таңертеңгі сағат 9.00-да түгел өшірілді. Өрт сөндіру кезінде тракторшы мен орман қызметкері екінші және үшінші дәрежелі күйік алды. Олар аудандық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер олардың өміріне қауіп жоқ деп отыр. 
 
Шұға ҚОҢҚАБАЙ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓