Үздіктер сыналған күн
Бүгін «Жас Отан» жастар қанаты Қостанай облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Жастар кадрлық резерві» жобасының қатысуышлары сұхбаттасудан өтті.Биылғы жылы облыс бойынша жобаға қатысу үшін 33 өтінім келіп түскен. Соның ішінде 27 азамат екінші кезеңге өтті. Жоба қатысушылары қызметтегі жетістіктері, қол жеткізген табыстары және мақсат-мұраттарын айтып берді. Комиссия мүшелері үміткерлердің ішінен үздігін анықтайды. Іріктеуден өткендер еліміздегі ірі ұлттық компаниялар мен мемлекеттік органдарда тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алады. Жобаның екінші кезеңіне жолдама алған Талғат Ғабдрахманов академик Кенжеғали Сағадиев атындағы грант бойынша Алматы қаласындағы Халықаралық бизнес университетін бітірген. Екі жыл бұрын Арқалық қаласындағы жастар бастамаларының орталығында қызмет еткен. Бір жарым жылдан бері Арқалық қаласы әкімі аппаратының бас маманы лауазымында жұмыс істеп жатыр. «Жас Отанның» жобасына қатысудағы мақсаты – өзін-өзі сынау. -Әлем әдебиетінің көрнекті өкілі Омар Хайямның «Өзіңе түңіліп қара да, ойлан: кім екеніңді, қайда екеніңді және қайда бет алғаныңды» деген нақыл сөзі бар. Бұл даналық сөз бүгінде менің өмірлік ұстанымыма айналған. Жобаға келудегі мақсат та осы. Өзімді-өзім сынау, шыңдау,-деді жоба қатысушысы Талғат Ғабдрахманов. «Жастар кадрлық резерві» жобасы республика аумағында алты жылдан бері жүзеге асып келеді. Оның мақсаты-жоғары білімді жастардың арасынан көшбасшылық қасиеттерге ие белсенді азаматтарды анықтап, қызметте шыңдалуына бағыт-бағдар көрсету. Жобаға 18 бен 29 жас аралығындағы азаматтар қатыса алады.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретте: жобаның екінші кезеңіне қатысушылар;
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.