Жұмыс кестесі қысқарды
Аймақтағы ХҚКО бұдан былай дүйсенбі–жұма аралығында сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейтін болады. «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕАҚ филиалында хабарлағандай, кесте Қостанай облысының бас санитарлық дәрігерінің 2021 жылғы 28 шілдедегі №20 қаулысы негізінде өзгертілді.
Осыған байланысты, сенбі күндері Қостанай облысының ХҚКО жұмыс істемейді. Мұны халыққа қызмет көрсету бөлімдеріне баруды жоспарлаған азаматтар, әсіресе кезекке міндетті түрде алдын ала тапсырыс берген азаматтар ескерген жөн.
«Алдын ала брондау бойынша Қостанай (1, 2, 3 бөлімдер мен Мамандандырылған ХҚКО), Рудный мен Тобыл ХҚКО жұмыс істейтінін еске саламын. Кезекке 1414 бірыңғай байланыс орталығы, egov.kz электрондық үкімет порталы және Тelegram бот EgovBotKz 2.0. арқылы тапсырыс беруге болады. Сонымен қатар, тағы бір маңызды ескерту, Мамандандырылған ХҚКО кестесіне назар аударыңыздар. Құжаттарды қабылдау 9.00-ден 16.00-ге дейін, ал дайын құжаттарды беру 9.00-ден 18.00-ге дейін жүргізіледі. Кезекті брондау кезінде осыны ескерген жөн», – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕАҚ Қостанай облысы бойынша филиалының PR-менеджері Ярослава Богатырева.
Қазіргі таңда Қазақстанның ХҚКО қызмет көрсету уақытын 20 минуттан 15 минутқа дейін қысқартудың арқасында клиенттерді көбірек қабылдай алады. Бұл қадам кезекті брондау үшін қолжетімді слоттардың санын 25%-ға ұлғайтты. Бұл бір қызметкерге бір сағат ішінде 4 клиентке қызмет көрсетуге мүмкіндік берді. Бұрын 3 азамат қызмет алып үлгеретін.
Азаматтарға ХҚКО барған кезде санитарлық-профилактикалық нормаларды қатаң ұстану, бетперде киіп, әлеуметтік қашықтықты сақтау ескертіледі. Ғимаратқа Ashyq қосымшасы арқылы ғана кіруге болады.