Алға, Аманбек!
15 тамыз күні, Қостанайда ұлттық спорт Жекпе-жектен Азия кубогі сарапқа салынды. Бес салмақ дәрежесінде спортшылар сынға түсті. Ел намысын қостанайлық жігіттер де қорғады. Байрақты бәсекеде туған қаласында өз шеберлігін көрсету бақыты Аманбек Жаманқараевқа бұйырды.
Аманбек ұятқа қалмады, Азия чемпионы атанды. Артынша іздеп, сұхбаттасудың жолы түсті.
-Аманбек, сөзіннің әлқиссасын өзің жайлы әңгімеден бастасаң.
-Мен 1994 жылы, 23 қыркүйекте осы Қостанай қаласында дүниеге келдім. Ең алғаш спортқа келуіме әкем себепкер болды. Ол кісі өзі де спортшы, еркін күреспен айналысады. Бала күнімнен әуестігімді байқап, өзімен бірге спорт залға ерітіп әкелді. Басында қоян-қолтық ұрыспен шұғылданғанмын, сосын осы жекпе-жекке ауыстым. Менің тарапымнан дұрыс қадам болды деп ойлаймын, жақсы жетістіктерге жетіп жүрмін.
-Жерлестеріңнің алдында жеңіске жетіп, қуантып жатырсың. Өткен Азия кубогі жайлы айта кетсең.
-Осы жарыс Қостанайда өтетінін білгенде қатты қуандым. Арманым бар еді, туған қаламның атын шығарып, абыройың асқақтату. Жарыстың өтетін күні қала күнімен тұспа-тұс келгенде ерекше қуандым. Сол жеңісімді барша қостанайлықтарға арнаймын.
Өте мықты спортшылар болды. Әсіресе, финалдағы қарсыласымды атап өткім келеді. Қырғызстаннан келген жігіт өте төзімді, мығым екен. Қанша соққы жасасам да, ол қайыспай қарсылық танытты.
Аманбектің бапкері Рауф Мұхтарұлының да еңбегін айта өткен жөн. Білгенің үйретіп, «Аманчиктің» (спорт залдағы лақап аты) қабілетін дамытқан да осы кісі.
-Рауф аға, Аманбектің спорттық шеберлігіне баға берсеңіз?
–Ол-төзімді жігіт. Ең ерекше тұсы, ол өте намысқой. Сөзіме дәлел болсын, Талдықорғанда өткен Қазақстан біріншілігінде Аман жартылай финалға өтіп, шаршы алаңға шықты. Қарсыласы-талдықорғандық спортшы. Тіпті бір фильмдегідей дерсің. Аман соңғы сәттерге дейін тегеурінді қарсылық көрсете алмады. Алаң сыртында тұрған мен ақ жалауды лақытырып төбелесті тоқтатуға бел будым. Алайда, Аман мені байқап қалып олай істемеуге белгі көрсетті. Жұдырықтасуға берілген уақыт аяқталғанда Аман оны жеңемін деп уәде берді. Алаңға қайта шығып, қарсыласты төпелеп ұрып, таза жеңіске жетті.(Рауф ағай қуана еске алып, күліп айтып отыр). Сол жарыста жүлделі болып, Қостанайдағы Азия біріншілігіне жолдама алды. Елге келіп тағы да мықты екенін дәлелдеді.
-Аға, бапкер ретінде сіздің алға қойған жоспарларыңыз қандай?
-Осы шәкірттерім әрдайым жүлделі болып жүрсе деймін. Менің және спортшылардың мақсаты-алдағы әлем чемпионатында жарқырау. Астана қаласында өтеді. Ресей, Әзірбайжан сынды адуынды елдердің шебер спортшылары келеді. Олар осал емес. Физикалық жағынан мықты. Соны ескере отырып, дайындықты қазірден бастадық. Мен Аманбектей жігіттеріме сенемін. Қазақ жігіттері намысқой болып келеді емес пе? Жеңіске жету үшін күш емес маңыздысы, жігер керек.
-Сұхбатыңызға мың алғыс. Байрақты бәскелерде бағымыз жана берсін.
Сұхбатты жүргізген Кенже ҚОНЫСБАЙ.
Суретті түсірген автор.