ТЕҢГЕ ТҰҒЫРЫНАН ТҮСКЕН ЖОҚ
Нұралы Садуақасов, облыс әкімі:
Теңге бағамының төмендеуіне қатысты облыс әкімі өз пікірін білдірді. Нұралы Садуақасовтың айтуынша, төл теңгемізді еркін айналымға жіберу – ұлттық экономикамыз үшін өте маңызды.
– Әрбір өңірдің өзінің ерекшеліктері болады. Мәселен, Қостанай облысы ауыл шаруашылығына, тау-кен өндірісі мен шағын, орта бизнеске негізделген. Үстіміздегі жылдың жеті айында тау-кен саласында өнімнің айтарлықтай азайғанын байқадық. Әсіресе, «ССКӨБ» АҚ өндірісі тұралап қалды. Комбинаттың Қытайға экспорты – 90 пайызға, Ресей Федерациясына – 15 пайызға кеміді. Сондай-ақ, «Варваринское» АҚ, Жітіқарадағы асбест өндіруші «Өркен» ЖШС өнімділігі төмендеді. Жалпы алғанда, тау-кен саласындағы өнімділік 26 пайызға қысқарды. Өңдеу саласында да тоқырау байқалады. Ресей рублінің құнсыздануы, сыртқы сұраныстың сиреуі – экономикалық көрсеткішке айтарлықтай соққы болды. Теңге бағамының дәлізін тұрақты ұстау – біздің өндірісіміздің бәсекеге қабілеттілігін жойды. Өндіріс саласындағы сұраныстың аздығынан, облысымыздың бюджетіне жоспарланған қаржының 60 млрд теңгеден астамы түскен жоқ. Шектеуді жою – біздің ұлттық экономикамызға тың серпін беріп, өндіріс ошақтарының қайта жандануына септігін тигізуі тиіс.
Теңгені еркін айналымға жіберу арқылы біз, өзімізде шығарылатын өнімнің сапасын арттырып, экспорттық мүмкіндігін кеңейте аламыз. Соңғы жылдары облысымыздағы экспорт – импорттан асып, 70-30 деңгейінде тұрақтады. Қаржы дағдарысы белең алған тұста, импорт пен экспорт бір деңгейленді. Салдарынан, шетелдік өнім көбейіп, бағаның өсімі байқалды.
Ел ішінде дүрбелең тудырмас үшін Елбасымыз аймақтардың басшыларына шұғыл штаб құрып, халықтың жаппай тұтыну тауарларының бағасын өспеуін қадағалауды тапсырды. ҚР Президентінің тапсырмасы Қостанай облысында орындалды. Осыған орай облыс тұрғындарына, өндіріс, ауылшаруашылық тауар өндіру саласы басшыларына, дүкен қожайындары мен ірілі-ұсақ саудагерлерге: халық жаппай тұтынатын тауарлар бағасын көтеретіндей ешбір негіз жоқ, дегім келеді. Электр энергиясы, жағар май бағасы тұрақты сақталады. Осыған қарамастан бағаны көтергендерге жергілікті билік, құзырлы органдар тарапынан шара қолданылатын болады.
Теңге тұғырынан түскен жоқ. Біз, ұлттық экономикамызды жандандыру мақсатында, осындай қадамға барып отырмыз. Осы сәтте теріс пікір таратып, бас пайдасын ойлағандардың соңына ермей, ақылға жүгінген абзал. Елбасымыз айтпақшы, біз осы қысылтаяң шақта бірге болып, ұлттық экономикамызды көтеруге бір кісідей жұмылу керекпіз. Біз, 1993, 1995 жылдардың экономикалық дағдарысында да мойымай, тізе бүкпей, қиындықты еңсере білдік. Қазір де, елдігімізді сақтап, еліміздің өркендеу жолында сабыр сақтауға тиіспіз. Жұмыр жерді жайлаған қаржы дағдарысында қолымыздағы барымызды қанағат тұтып, үнеммен өмір сүру қажет. Ал, әлеуметтік аз қамтылғандар мен көмекке зәру жандарды назарымыздан тыс қалдырмаймыз. Облыс көлеміндегі әлеуметтік міндеттемелер толығымен орындалып, жоспарланған бюджеттік бағдарламалар еш кедергісіз жүзеге асырылады.
Мұның барлығы да уақытша қиындық. Елбасымыз бен Үкіметтің тапсырмасын орындауда барымызды салатын боламыз. Қалыптасқан уақытша қиындықтан абыроймен шығатынымызға нық сенімдімін, – деп сөзін түйіндеді Нұралы Садуақасов.