“СҰЛТАН” САЙЫПҚЫРАНДАРЫ
Кикбокстан биылғы Азия чемпионаты Үндістанның Пуна қаласында өтті. Оған әлемнің 17 елінен 300-дей үміткер қатысты. Ең бастысы, бұл сыннан ел құрамасы жүлделі бірінші орынды иеленді. Жеңімпаз мемлекеттің намысын арқалап барған спортшылардың қатарында қостанайлық Сапар Тұманов (75 кг) пен Мәди Тоқтаровтар (71 кг) да болды. Жастайынан "Сұлтан" спортклубында жаттығатын жігіттер алтын алқа тағынып қайтқан еді.
– Бұл екеуінің қайсарлығына тәнті болатынмын. Үнді жерінде қарсылас шақ келтірмегендерін естігенде, қуанышым қойныма сыймады. Біздің Сапар – тәжірибелі кикбокс шебері. Әлем кубогінің иесі деген атағы да бар. Мәди де Қазақстан құрамасының белді мүшесі. Жігіттердің жетістігіне ризамын, – дейді "Сұлтан" спортклубының директоры Дәмір Қалқаев.
Сапар мен Мәдидің бапкері Әскер Макубаевтың айтуынша, облыс атынан Қызылжарда өтетін ҚР чемпионатына да осы жігіттер барады. Егер ол сыннан сүрінбесе, онда Ирландиядағы Әлем чемпионатына жолдама алатын болады. Ал содан кейін қостанайлық үздіктерді Әлем кубогі жарысы күтіп тұр.
ҚАСҚЫРБАЙ ҚОЙШЫМАНОВ