100 нақты қадам. Мемлекеттік қызмет-жауапты міндет
Мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту елдің дамуындағы басым бағыттардың бірі. Кәсіби мемлекеттік аппарат құру туралы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында да айтылған.
Аталмыш семинар Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бес институттық реформасын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Үш күндік семинарға облысқа қарасты аудан, қалалардан мемлекеттік қызметшілер қатысты. Тыңдаушыларға мемлекеттік қызмет сапасын арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет сынды тақырыптар бойынша дәріс оқылды.
Семинардың қатысушысы Қанат Кеделбаев жеті жылдан бері Аманкелді ауданы әкімінің аппарат жетекшісі болып жұмыс істеуде. Лауазым иесінің айтуынша, ауданда мемлекеттік қызмет көрсету жұмыстары сапалы әрі уақытылы жүргізілуде. Азаматтар мемлекеттік қызметтің денін ХҚКО арқылы пайдаланады. Мұндай қызмет сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың оңтайлы жолы болмақ.
-Мемлекеттік қызметте заманға сай өзгерістер еніп жатыр. Соның ішінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға аса мән берілуде. Халыққа қызмет көрсету сапасын жақсарту да күн тәртібінде. Аталған мәселелердің бәрі мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыра түседі,-деді Аманкелді ауданы әкімінің аппарат жетекшісі Қанат Кеделбаев.
ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясының профессоры Лейла Асылбекова мемлекеттік қызметшінің сырт келбеті, кәсіптік қарым-қатынас туралы қызықты тренинг өткізді.
-Жақсы басшы дегеніміз өзгенің қателігін бетіне баспайды, керісінше үйретеді, оқытады. Қызметкерді шабыттандырып, қолдап-қолпаштап отырады. Осы ойды қатысушыларға түсіндіру менің мақсатым,-деді Л.Асылбекова.