Тамақ өнімдерін фортификациялау
Қазақстанда халықтың темір тапшылығы анемиясымен сырқаттанушылық проблемасы өткір тұр. Ағзадағы темірдің жетіспеушілігі мен ұзақ тапшылығы қауіпті ауруға – темір тапшылығы анемиясына әкеледі. Бұл ауру бала туу жасындағы әйелдер мен балалар үшін ең қауіпті.
Қазақ тағамтану академиясының деректері бойынша республикада темір тапшылығы анемиясының таралуы 36 пайызды құрайды. Осы аурудан зардап шегетін жүкті әйелдердің үлесі шамамен 60 пайызды құрайды, ал елдің батыс өңірлерінде көрсеткіш 90 пайызғаға жетеді. Бес жасқа дейінгі балалар арасында темір тапшылығы анемиясының таралуы да 36 пайызды құрайды. Анемиямен ауыратын әйелдерде ана өлімі, мерзімінен бұрын босану, салмағы аз нәрестенің дүниеге келу қаупі жоғары, сондай-ақ ұрықтың туа біткен кемістіктері, мысалы мидың жетіспеушілігі (аненцефалия), жұлын бифидасы және бет-жақ деформациясы сияқты тәуекелдер артады. Ең қорқыныштысы, бұл ауру әйелдің толыққанды баланы дүниеге әкелуіне мүмкіндік бермейді, ал мұндай аналардан туылған балалар көбінесе физикалық және ақыл-ой дамуында артта қалады. Балаларда темірдің жетіспеушілігі, ағзаның иммундық қорын азайтып, тыныс алу органдарының аурулары мен инфекцияларының жиілігін 1,5-2 есеге арттырады, бұл Қазақстандағы сырқаттанушылық пен өлімнің басты себептерінің бірі болып табылады. Осылайша, Қазақстанда халықтың осы осал топтарының арасында анемия әлі де жоғары деңгейдегі маңызды проблемалардың санатына жатады. Адам ағзасы үнемі темірді пайдаланады. Темірдің жалғыз көзі – тамақ. Анемия – дұрыс тамақтанбау көрсеткіші. Адамның рационында темірге бай тағамдар болуы керек, мысалы: бауыр, тіл, ет, балық, алма, құрма, алмұрт, шпинат, қымыздық.
Тағамдарды өңдеудің заманауи технологиялары олардағы дәрумендерді сақтамайды. Тазартылған тағамдардың минералды заттарда, дәрумендерде және диеталық талшықтарда азаюы адамдардың рационында үнемі өсіп отырады. Жиі қолданылатын жаппай тамақ өнімдерін, оның ішінде ұнды фортификациялау (байыту) адам ағзасындағы темір, фолий қышқылы мен дәріменнің жетіспеушілігінің орнын толтыру мәселесін шешу үшін қоғамдық денсаулық сақтаудың тәсілі болып табылады. Темір тапшылығының алдын-алу мен болдырмаудың қарапайым және қол жетімді тәсілі – дәрімендермен және минералдармен байытылған бидай ұнынан жасалған нан өнімдері, макарон, кондитерлік өнімдерді тұтыну болып табылады.
“Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” Қазақстан Республикасының Кодексінде отандық ұн өндірушілер үшін Қазақстан Республикасының аумағында сатылатын жоғары және бірінші сортты бидай ұнын міндетті түрде фортификациялау нормасы бекітілген.
Қазақстанда ұнды фортификациялау үшін халықтың қажеттілігін, климаттық, географиялық және басқа да факторларды ескере отырып, Қазақ тамақтану академиясы арнайы әзірлеген және өңделген дәрумендер мен минералдардың (витаминді-минералды премикс) қоспасы пайдаланылады.
Ұн тарту кәсіпорындарында ұн өндірудің соңғы кезеңінде ұнның бір тоннасына 120-150 грамм есебінен премикс қосылады.
Қазақстан Республикасының аумағында бидай ұнын өндіру және айналымы кезінде оны фортификациялау бөлігінде заңнама нормаларының сақталуын бақылауды Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау мемлекеттік органдары жүзеге асырады.
Жоғары және бірінші сортты бидай ұнын міндетті түрде фортификациялау халық арасында темір тапшылығы анемиясының таралуын төмендетуге мүмкіндік береді және ұлт денсаулығының нығаюына ықпал етеді.
Н.ГАЦЕНБЕЛЛЕР
Қостанай облысы тауарлар мен қызметтердің
сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің
тамақ объектілеріндегі инфекциялық емес ауруларды
бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы