Қара сөзбен жырлаған (Жазушы Қайсар Әлімнің “Мекке, Мәдинам менің!” қажылық пайымы хақында)
Бүгінде көргені мен түйгенін, танымы мен танығанын көсемсөзбен кестелеп, көркем ойды жарастыра өрген, журналистика-жазушылықтың алпыс батпан жүгін қатепті қара нар-дай көтерген, ана тілін арда емгендер сиреп қалды. Тіпті үн-түнсіз, шау тартқандай "сараңға" айналғандары бар. Ал бірақ, қамшы салдырмай, қазақ көсемсөзінде қаракөктік танытып келе жат-қан ақтаңгердің бірі де бірегейі – Қайсар Әлім. Астанадағы "Фолиант" баспасынан жуырда "Мекке, Мәдинам менің!" қажылық пайымын қалың жұртқа жария етті.
Кітаптың сырты әдемі безендірілген, сұлу. Қолға алғаннан-ақ жұтындырып қоя беретін шығарманың әлқисасы жүрек сөзінен басталады. Онда автор Мекке-Мәдинадан алған жүгінің бір бөлігі Астанаға келгенде жоқ болып шығып, әсіресе, соның ішінде "ықтияттап жүргізген күнделік-қолжазбасына" қапаланады. Бірақ бір Аллаға сиынып, күдерін үзбеген қаламгерге құдай тілегін берген. Үш күннен соң Ыстамбұлда қалған жүгі сол күйінде шып-шығасыз қолына тиеді. Міне, сол жазба Қайсар ағамыздың шеберлік шеберханасынан шымырлай қайнап, шырайланып оқырманға жетті.
Туындыда екі бөлім бар: "Мекке" мен "Мәдина". Мұндағы ерекшелік – әр бөлімнің тараулары аптаның әр күні, әр сағатымен аталады. Бірден-ақ, баян бірінші жақтан аңқылдап ағынан жарылып қоя берген. Автордың ұтқаны да осы. Сапар басталғанынан көргендерін жадағай тізбелемей, Мекке, "әл-Харам" мешіті, Қағба, Астанадағы "Әзірет Сұлтан" хақында, қазақтың қажылық тарихынан, туған елден туындыгердің екінші атасы, осыдан 120 жыл бұрын осында қажылыққа 2 рет келген Қалдыбай Жылкелдіұлын еске ала отырып жасаған пайымдаулар тартымды да танымды. Шығармада тағлымдық дүниелер оқушының ынтасын оятары анық. Мысалы, ғұмыр бойы армандаған Меккеге жетіп, алғаш түнеген түні кірпік қамастыра алмай тебірене толғануы, ағынан жарыла сыр ақтарғанын бей-жай оқи алмайсыз. Сондай-ақ Қағбаның қара тасын 7 рет айналғанда, әр айналымын ата-баба әруақтарына, өзі тараған әулетінің үрім-бұтақтарына арнап, есімдерін атап, жеке-жеке дұға оқиды. Сиынып, тілек тілеп, тәуап жасайды. Кітапта Құнанбай, Абай, Қостанай–Торғай өңіріндегі болған қажылар мен молдалар, дін қайраткерлері туралы да деректер тартымды оқылады.
Мәдинаға барғанда алғашқы кезде пальма ағашының діңгегіне шығып, уағыз айтқан Пайғамбар (с.ғ.с) мешітіне сәлем беріп, намаз оқу әсері бөлек екен.
Қ.Әлім өзіне тән жолжазба-күнделік жанрын байыта түскен: туындыда пайым да, толғаныс-тебіреніс те бар. Автор анасы Бодайдың рухына арнап Қағбаны жеті рет айналып жасаған тәуапта табанынан шамалы ызғар өткенін се-зіп, жылы шұлығын киіп алады. Есіне анасын алып: "Ауырады-ау деген жеріңді жылы ғып ұста!" деп сақтандырып отырушы еді. Сол сөзі, мына қарашы, "табанымнан сыз өтеді-ау" деген дызалақ сезім жон арқамнан сәл жүгіртіп өтіп еді, есіме түсе қойғаны… Демек, анашым өзіңе арнап Сағиды жүгіре айналып жатқандағы күйімді сезіп қалғандай ма екен? Солай-ау! Алла сездіріп отырғандай маған…Қайран асыл да қасиетті ана! Тірліктегі қамқорлығын былай қойып, мәңгілік мекені жағынан да хабар беріп жатқанын айтсайшы… "Иә Алла, Көкірегімді кең, ісімді табысты ет . Мені шайтанның арбауынан, зұлымдықтан, алауыздықтан, қабір азабынан сақтай гөр", – деп тебіренеді.
Қайсар Әлім – қаламының ұшында шоғы бар қаламгер. Сөйлемдері шоқтай шашырап, оқушының көзін қарып, жанын қыздырады. Мекке мен Мәдина сапарын жан-жүрегімен езіле – емірене отырып, қара сөзбен жырлап шыққан. "Жүрегімді жылытқан, жанымды жаң-ғыртқан, сезімімді байытқан, рухымды жігерлендірген, иманымды бегіткен Меккем менің!"– дей бергім келеді",–дейді (25 бет).
Қажылықтан оралған қаламгер Астанаға табаны тиген бетте өзін қарсы алған зайыбы мен балаларына:
–"Маған қараңдаршы! Мен ше? Өзгеріппін бе?
–Аздап жүдегенің болмаса, сыртың сол қалпы ғой, – деген Алтын сөзін терең оймен түйіндегендей болды. – Ал ішіңнің, жаның мен жүрегіңнің өзгерісін кім білген, әзірге? Көре жатармыз!.." – деген, кітап соңында. Қақаңның елден ерек әспеттейтін жары Алтын жеңгеміздің осы сауалына жауабын таптық.. Ол – осы кітап. Бар болмысымен толғану, ел-жірей жазу – жан дүниесіне нұр құйылған, жаңғырған кісінің ғана қолынан келеді. Ендеше, Қайсар Әлімнің пендеуи тірлігінде де бір жаңғыру, бір тазарудың әсері барлығына сенімдіміз.
Жанұзақ Аязбеков.